Бақыт Ирмулатов: Қазақстанның брендтік бидайын шығаруымыз керек

23 Ақпан 2019, 11:02
3801
Бөлісу:
Бақыт Ирмулатов: Қазақстанның брендтік бидайын шығаруымыз керек
PHOTO

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Астанадан 70 шақырым жерде орналасқан А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы Егіншілік бөлімінің меңгерушісі, ауылшаруашылық ғылымдарының докторы Бақыт Ирмулатовпен әңгімелесу барысында еліміздегі агрошаруашылықтар жайлы білген едік.

- Қазіргі кезде бұл салаға қаншалықты көңіл бөлініп жатыр?

- Ауылшаруашылығы саласына соңғы кезде жақыс көңіл бөлініп келеді. Мал шаруашылығына да, егін шаруашылығына да үкімет тарапынан көп-көп көмек бар. Субцидиялар да жетерлік. Оның сыртында осы салаға арналған қаншама бағдарлама бар.

Бақыт Ирмулатов: Қазақстанның брендтік бидайын шығаруымыз керек

Өзіңіз көріп отырғандай, біздің бағыт – егіншілік саласы. Орталық та толық сол бағытқа негізделген. Жетістіктеріміз де жоқ емес. Бұл да болса осы салаға басымдық берудің нәтижесі. Нақтырақ айтсақ, өткен жылдан бері аграрлық салаға ерекше назар аударып келеді өкімет. Жақсы қаражат бөлініп жатыр. Қызметкерлердің жағдайы да жасалып, жұмыс істеуге деген құлшыныс пайда болды.

Біз негізінен шаруашылықтармен көп жұмыс істейміз. Соның нәтижесінде тұрақтылық болып, бізбен бірлесіп жұмыс істейтін серіктестер де қалыптасты. Және бір ерекше атап өтетін жайт, шаруашылықпен айналысатындардың арасында әулеттік жалғастық жақсы жолға қойылып келеді. Мысалы атасы құрған шаруашылықты баласы, немересі, тіпті шөбересі жалғастырып келе жатқандар бар. Бұл өте жақсы. Әке жолын қуып, ата ісін жалғастырып жүрген жас шаруашылық иелерінің арасында жетістікке жетіп жатқандары да бар.

Тағы бір айта кетерлігі, мұндай шаруашылықтар жас мамандарға арнап үйлер де салынып жатыр. Бұның өзі сол шаруашылықтардың ел игілігіне жұмыс істей бастағанының бір көрінісі.

- Сол сіздермен бірлесіп жұмыс істеп жатқан шаруашылықтардың республикалық болмаса да, облыстық деңгейде өнім шығарып, тауарлық айналымға енгізіп жатқандары бар ма?

Бақыт Ирмулатов: Қазақстанның брендтік бидайын шығаруымыз керек

- Біздің орталық асыл тұқымдық сорттарды өндіреді. Тұқымдық негізді өзіміз ойлап табамыз. Мысалы жақында ғана «Дамса-2017» сортын шығардық.

- Оның өзге бидай тұқымдарынан қандай ерекшелігі бар?

- Бұл бидай сортын шығаруға орталық қызметкерлері бірнеше жыл уақытын жұмсады. Зерттеу жұмыстары 2015 жылы басталған болатын. Жаңа сорттың ерекшелігі – төзімділігі жоғары. Еліміздің солтүстік өңірлерінде өсіруге арналған бұл сорт ауа және топырақ құрғақшылығына төзімді. Минералды тыңайтқыштармен ылғалдандырған жағдайда мол өнім береді. Экологиялық жаздық далалық түрге жатады. «Дамса 2017» сорты шикі протеин мен құрамындағы ақуыздың тұрақты құрамымен ерекшеленеді. Макарон түсі және жалпы бағалау бойынша стандартты көрсеткіштен асып түседі. Экологиялық сортқа өз орталығымызда және Солтүстік Қазақстан облысында сынақ жүргізіліп, орталық гектарына 46,8 центнер, СҚО - 46,3 центнер өнім алды.

Бақыт Ирмулатов: Қазақстанның брендтік бидайын шығаруымыз керек

Міне, осы секілді асыл тұқымды сорттарды шығарып, оны элиталық шаруашылықтарға береміз. Олар ары қарай дамытып, егіп, көбейтіп, сатып отырады. Бұл баяғыдан бері жалғасып келе жатқан серіктестік. Егер орталық мұндай бірлесіп жұмыс істеуді жолға қоймаса, біздің де жұмысымыз жүрмейді. Сондықтан мұндай желілік байланыс жасауға біз де мүдделіміз.

- Иә, өз ішкі байланысымыз жолға қойылған екен. Ал астықты алқабы бар шетелдермен байланыс қалай?

Бақыт Ирмулатов: Қазақстанның брендтік бидайын шығаруымыз керек

- Біз жаңа сортты шығару үшін керек ақпаратты, материалды дүниежүзінен жинаймыз десек болады. Мысалы ИКАРДА (Өзбекстан), CIMMYT (АҚШ) қатарлы халықаралық орталықтар бар. Одан бөлек Америка штаттарымен, Жапониямен, Канадамен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Әлемдегі егіншілікпен айналысатын елдердің көбімен байланыстамыз. Солардан жинаған тәжірибемізді, ақпаратымызды осы орталықта қорытып, сараптап, біздің елдің климатына, топырақтық ерекшелігіне сай келетіндерін сұрыптап шығарамыз. Бұл жерде бір ғана тұқымдық сорт емес, технологиялық, техникалық та тығыз байланыс бар.

- Өткен жылдан бері нақты егіншілік деген жаңа бағыт басталғанын естіп жатырмыз. Оның қандай артықшылықтары бар?

- Нақты егіншілік деген қазіргі әлемдегі ең озық технология, ең озық егіншілік жүйе. Елбасымыздың өзі алдымызға «Еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру керек» деген мақсат қойып отыр. Нақты егіншілік арқылы Президенттің осы тапсырмасын тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік бар.

- Жаңа сөз арасында «Дамса-2017» сортын шығарғандарыңызды айттыңыз. Бұл сортты шетел біле ме? Халықаралық стандартқа сәйкестендіру мәселесі қалай жүрілді?

Бақыт Ирмулатов: Қазақстанның брендтік бидайын шығаруымыз керек

- Иә, сортты ойлап табу бар, оны өндіріске қосу бар, одан кейін мемлекеттік сынақтан өтуі бар және халықаралық стандарт сертификатын алу бар. «Дамса-2017» қазір мемлекеттік сынақтан өтіп жатыр. Егер сынақтан жақсы өтіп, еліміз бойынша сапасы тұрақтанса, содан кейін біз патент алуға кірісеміз.

Тағы бір айта кетерлігі, егіншілікпен, болмаса бидай өсірумен біз ғана айналысып жатқан жоқпыз ғой. Ресей бар, Украина бар, т.б. елдердің бидай сорттарымен «Дамса-2017» жарысқа түседі. Сол кезде бір ғана Қазақстан емес, басқа да бірнеше елдің өндірістік нарығына ілінетін болса, бізге тиімді. Себебі, халықаралық патентке, яғни халықаралық стандартқа сол кезде ұсына аламыз.

- Дәнді дақылдар арасында тұқымдық аурулар болатыны белгілі. Бұнымен қалай күресесіздер?

- Соңғы үш жыл елімізде бұрын болмаған ылғал болып тұр. Ауа райының өзі айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Жаңбыр да көп. Әрине, бұл қалыпты құбылыс деп қарауға болады. Себебі ондай климаттық тұрақсыздық болып тұрады. Дегенмен, ауа райы өзгерген сайын дәнді дақылдардың да төзімділігі, сорты, тіпті ауру түрлері де ауысып отырады. Ылғал көбейген сайын ауру түрлері де көбейе береді. Сондықтан тұқымдық сорттарды да ауа райына бейімдеу керек. Қазіргі кезде осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Жаңа жоғарыда айтқан ИКАРДА, CIMMYT қатарлы аграрлық орталықтар дәнді дақылдардың ауруымен күресуде бірлесіп жұмыс атқарып келеді. Арнайы дәрі қолдану, сортты бейімдеу т.б. қатарлы жұмыстар осы орталықтармен бірлесіп жүргізіледі.

- Орталық қызметкерлерінің біразы жастар көрінеді. Жалпы жастармен жұмыс істеу, оларды орталыққа шақыру, студенттердің өндірістік-тәжірибеден өту жайы қалай?

- Иә, орталық қызметкерлерінің 60 пайыздан астамы жастар. Біз жастармен шартқа отырамыз. Үш жақтық шарт деген бар. Ол – университет, студент және жұмыс беруші, яғни біздің орталық өзара келісімшарт жасайды. Сол шарт негізінде біз өзімізге керек маманды сұрап университетке хат жазамыз. Мысалы, біз «осы бөлімге осындай студент немесе магистр, немесе доктарант керек» деп сұрау жолдаймыз, университет біздің сұрауымыз бойынша өз студентімен келісім арқылы бізге маман жібереді.

Бақыт Ирмулатов: Қазақстанның брендтік бидайын шығаруымыз керек

Көбінде, жақын жер болғандықтан Астанадағы С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-мен, одан бөлек Алматыдағы Аграрлық университетпен маман алмасып, бірлікте жұмыс істеп келеміз.

- Орталықтағы жастардың әлеуметтік мәселелері қалай шешіледі?

- Биылғы жылғы басты мақсатымыздың өзі осы жас мамандардың әлеуметтік мәселесін шешуге негізделіп отыр. Құдайға шүкір, қазыр жастар аграрлық салаға келе бастады. Біз де осы мүмкіндікті пайдаланып, жас мамандардың жағдайын жақсартуды көздеп отырмыз. Ең бастысы – жас мамандарды баспанамен қамтамасыз ету керек. Елбасы Жолдауында да, Жастар жылы аясында да бұл мәселе кезек күттірметіндігі айтылды. Бұл тұрғыда нақты іске де кірісе бастадық. Осы орталықтың жанында әлі бітпеген 60 пәтерлі үй бар. Соны алып, құрылыс жұмыстарын аяқтап, соның 40 пәтерін жас мамандарға береміз деп жоспарлап отырмыз.

- Орталықтың қандай мұқтаждығы бар?

- Нақты «мынау жетпейді, бізде мынау жоқ» деп бүгінгі күні айта қоймаймыз. Әрине, бір кезде болды жетіспеушіліктер, маман тапшылығы, жалақы аздығы. Өткен жылдан бері бұл мәселенің барлығын шешіп алдық. Жаңа техникалар алуға, мамандарды алыс-жақын шет елдерде іс-тәжірибеге жіберуге де мүмкіндіктер шыға бастады. Ал қазіргі кездегі басты мәселе баспана еді, жаңа атап өткенімдей, оның да реті келе бастады.

Бақыт Ирмулатов: Қазақстанның брендтік бидайын шығаруымыз керек

Дегенмен, мемлекеттік қолдауынсыз біз саусағымызды да қозғалта алмаймыз. Ғылымға көңіл бөлген уақытта ғана ол алға қарай дамиды. Әрине, бұл сала кірісінен шығысы көптеу сала. Бірақ, болашаққа керек. Себебі, бір мемлекет болып отырып, өз нанымызды өзіміз тауып жей алмай отырсақ, қандай ел болғанымыз?! Сондықтан, «Ресейден, Канададан бидай тасымалдайық» деген сөзді ауызға алудың керегі жоқ. Керісінше өзіміздің қолымызда бар дүниені ұқсатып жасап, Қазақстанның брендтік бидайын шығаратын деңгейге жетуіміз керек. Ол үшін қазіргі жастарды қолдап, аға буынның тәжірибесін пайдаланған дұрыс.

- Әңгімеңізге рахмет!
Естеріңізде болса, бұған дейін А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы қар тоқтату жұмысын жүргізгені туралы  фоторепортаж жасаған едік.

Ержан Жаубай, фото - автордыкі

Өзгелердің жаңалығы