Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев облыс әкімдіктерін бюджеттен қаржы бөлуін сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Брекешев орман дақылдарының жерсінуіне инвентаризация жүргізілгенін айтты.
Былтыр республика бойынша орман дақылдарының жерсінуіне инвентаризация жүргізілді. Күзгі инвентаризация қорытындысы бойынша орман дақылдарының жерсінуі шамамен 72 пайызға жетті. Нормативтік жерсінуі қамтылды, - деді ол Үкімет отырысында.
Алайда министрдің айтуынша, биыл Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында бекітілген жоспарлы жұмыстарды жүргізуге қаржы бөлінбеген.
Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға кедергі келтіруі мүмкін. Осыған байланысты, орман иелерін материалдық-техникалық құралмен қамтамасыз ету және орманды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу мәселелерін шешу мақсатында аталған облыстардың әкімдерінен жергілікті бюджеттен қаражат бөлу мүмкіндігін қарастыруды сұраймын, - деді Серікқали Брекешев Үкімет отырысында.