Брекешев киіктердің мәселесін шеше алмағаны үшін Президенттен сөгіс алды

14 Шілде 2022, 12:17
1368
Бөлісу:
Брекешев киіктердің мәселесін шеше алмағаны үшін Президенттен сөгіс алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевке сөгіс жариялады.

Президент аталған ведомство басшысына киіктер популяциясының тағдырын шешу мәселесі тым ұзаққа созылып, қоғам талқысына түскені үшін сын айтты. 

Мен министрге сөгіс жариялаймын. Біріншіден, аталған минералдық ресурстардың цифрланған банкін құру жұмысы ұзаққа созылып кеткені үшін, ал екіншіден, киіктер популяциясының тағдырын шешудегі түсініксіз «әуре-сарсаң» мен пікірталас жасағаны үшін. Мұның барлығын осыншалықты қоғамдық талқылау деңгейіне жеткізудің не қажеті бар? Бұл мәселеде ұлтымыздың менталитетін есепке ала отырып, кәсіби тұрғыда әрекет ету керек, - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар ол киіктің қазақ үшін киелі жануар екенін алға тартты. 

Киік – қазақ халқы үшін қасиетті жануар болып саналады. Табиғи ландшафттан 80 мың киікті алып тастау, яғни оларды өлтіру туралы ұсыныс енгізіліп жатыр екен. Бірақ өзге де әдістері бар, мамандармен кеңесіңіз. Мен бұл шараға жүгінуге тура келетінін жоққа шығармаймын, бірақ ол ең соңғы шара, - деді Мемлекет басшысы.  

Өзгелердің жаңалығы