Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бразилияның Петрополис қаласында толассыз жауыннан кейінгі су тасқыны мен лай көшкінінен 78 адам мерт болды, деп хабарлайды «Хабар 24».
21 адам құтқарылған. 400-ден аса тұрғын баспанасыз қалды. Табиғат апаты аймағында іздестіру-құтқару жұмыстары әлі жүріп жатыр.
Еске сала кетейік, кеше Бразилияның Рио-де-Жанейро штатының таулы өңірінде бірнеше сағат толассыз жаңбыр жауып, арты су тасқынына ұласты. Шелектеп құйған жаңбырдан Петрополис қаласында 170-тен астам лай көшкіні жүріп, 80 ғимарат қирады. Жергілікті биліктің мәлімдеуінше, аймақта 3 сағатта бір айлық мөлшерінде жаңбыр жауған.
Лай көшкіні жүргенде дәмханадан анамды алып көшеге жүгіріп шықтым. Көрші үйге өте бергенде, жотадан көшкен лай батпақ үйлерді жайпап, тас талқан етіп келе жатқанын байқап қалдым. Мен мұндай апатты бұрын соңды көрген емеспін, – дейді дәмхана қожайыны Эмерсон Торрес.