Брайль қарпі мен пандустар: Бақылаушылар учаскелердегі жағдайға баға берді 

«Дауыс» коалициясы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қолжетімділігін арнайы барып тексерген.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 17:10
Бүгiн 2026, 17:10
111
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Жаңа Конституция жобасына арналған республикалық референдум учаскелерінде баршаға бірдей қолайлы орта жасалды. Бұл туралы «Дауыс» қоғамдық бақылаушылар коалициясының төрағасы Төлеген Күнәділов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Коалиция бақылаушыларының мәліметінше, бірқатар дауыс беру учаскелерінде тыныш әрі қолайлы атмосфера қалыптасқан. Комиссия мүшелері дауыс беру рәсімін түсінікті түрде ұйымдастырып, азаматтарға кеңес беріп, учаске ішінде еркін бағдар алуға көмектескен.

Төлеген Күнәділовтің айтуынша, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін учаскелердің қолжетімділігіне ерекше назар аударылған.

Мүгедектігі бар азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін дауыс беру учаскелерінің қолжетімділігіне ерекше мән берілді, – деді коалиция төрағасы.

Оның сөзінше, бақылау барысында ғимаратқа кедергісіз кіруге мүмкіндік беретін пандустар мен қолайлы кіреберістер қарастырылғаны байқалған.

Коалиция мүшелерінің бақылауына сәйкес, учаскелерде пандустар орнатылып, қолайлы кіреберістер жасалған. Комиссия мүшелері мен еріктілер тарапынан қажетті көмек көрсетілді, – деп нақтылады ол.

Сондай-ақ кейбір учаскелерде көру қабілеті бұзылған азаматтарға арналған арнайы ақпараттық материалдар ұсынылған.

Бірқатар учаскеде Брайль қарпімен дайындалған материалдар болды. Сонымен қатар Конституцияның негізгі ережелерімен танысуға мүмкіндік беретін аудионұсқа да ұсынылды, – деді Төлеген Күнәділов.

Айта кету керек, референдумға дайындық кезеңінде коалиция төрағасы елордадағы бірнеше учаскеге арнайы барып, олардың қолжетімділігін жеке тексерген.

Инфрақұрылымның нақты қолжетімділігін бағалау үшін учаскелерді мүгедектер арбасымен жүріп өттім. Кіреберіс топтарына, өту жолдарының еніне, дауыс беру кабиналарының орналасуына және ішкі кеңістіктің ұйымдастырылуына ерекше назар аудардым, – дейді ол.

Бақылау барысында жекелеген ескертулер де тіркелген. Алайда коалиция төрағасының айтуынша, олардың басым бөлігі техникалық немесе рәсімдік сипатта болған және жүйелі мәселе ретінде бағаланбаған.

Мұндай жағдайлар кез келген электоралдық үдеріс кезінде кездесуі мүмкін. Мәселен, туыстары үшін дауыс беруге талпыныс жасау, дауыс беру кабинасына екі адам болып кіру немесе жекелеген ұйымдастырушылық мәселелер болды. Әдетте мұндай жағдайларға комиссия мүшелері жедел түсіндірме береді, – деді Төлеген Күнәділов.

Оның айтуынша, жалпы алғанда коалиция бақылаушылары учаскелерде өз қызметін еркін әрі кедергісіз атқарған.

Бақылаушыларымыз дауыс беру барысын бақылап, тіркеуге және комиссия мүшелерімен жұмыс тәртібінде өзара әрекеттесуге мүмкіндік алды, – деді коалиция басшысы.

Қазіргі уақытта «Дауыс» коалициясы өңірлік үйлестірушілер мен бақылаушылардан келіп түскен ақпараттарды жинауды жалғастырып жатыр.

Барлық материалдарға талдау жасалғаннан кейін қоғамдық бақылаудың қорытындылары мен тиісті ұсынымдар қамтылған қорытынды есеп дайындалады, – деп түйіндеді Төлеген Күнәділов.

Бұған дейін Төлеген Күнәділов жаңа Конституция жобасына арналған республикалық референдумға «Дауыс» қоғамдық бақылаушылар коалицияснан 19 мыңға жуық бақылаушы қатысқанын мәлімдеді. 

Наверх