Браконьерлік жолмен балық аулау көбейген

14 Қараша 2022, 10:34
1199
Бөлісу:
Браконьерлік жолмен балық аулау көбейген

Үкімет сағатында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев балықтарды  қорғау шараларымен таныстырды, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Бұған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Маңғыстау және Атырау облыстарының тұрғындарымен кездесуі барысында назар аударды. Президенттің тапсырмасын орындау үшін біз браконьерлікке қарсы күресті күшейту жөнінде қосымша шаралар қабылдайтын боламыз. Бұл, ең алдымен, балық инспекцияларын заманауи материалдық-техникалық құралдармен толық жарақтандыру және табиғат қорғау органдарының өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру, - деді ол.

Брекешевтің атап өтуінше, биыл 61 млн теңгеден астам сомаға 4,5 мыңнан астам бұзушылық анықталды және 65 млн теңге сомасына талап қойылды. 

Құқық бұзушыларды қылмыстық жауапкершілікке тарту жағдайларының саны өсті. Бұл балық шаруашылығы саласындағы құқық бұзушылықтар үшін жауапкершіліктің күшеюін көрсетеді. Балықтың уылдырық шашу кезеңінде қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. Мәселен, мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен (ЭГТРМ, ІІМ және ҰҚК) Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында жыл сайын «Бекіре» балық қорғау акциясы өткізіледі. Қалған өңірлерде «Уылдырық шашу» және «Таза су айдындары» акциялары өткізіледі, - деді Серікқали Брекешев.

Министр биоәртүрлілікті сақтаудың өзекті мәселелерінің бірі Каспий итбалықтарының популяциясын қалпына келтіру екенін атап өтті.

Каспий итбалығы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Мемлекет басшысы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру бойынша тапсырмасына сәйкес біз ғылыми негіздемені (ЕНО) әзірлеуді бастадық. Нәтижелерді келесі жылдың қаңтарында алуды жоспарлаудамыз. Содан кейін технико-экономикалық негіздемені (ТЭО) әзірлеуге кірісеміз, - деді Брекешев Үкімет сағатында.

Браконьерлікпен күрестің тиімділігін арттыру мақсатында былтыр инспекцияларды материалдық-техникалық жарақтандыруды нығайту бойынша елеулі жұмыс жүргізілді. Аумақтық инспекциялар паркінің шамамен 30 пайызы жаңартылды. Бұл бағытта жұмыс жалғасуда, - деді Серікқали Аманғалиұлы.

Сонымен қатар министрдің мәлімдеуінше, балықтарды қорғау шараларымен қатар жыл сайын табиғи су айдындарының балық ресурстарын сақтау және молайту бойынша шаралар қабылданып жатыр.

Мәселен, мемлекеттік балық өсіру кәсіпорындары жыл сайын құнды балық шабақтарының жасанды өсімін молайтуды қамтамасыз етеді. Бірақ, олардың өндірістік базасы тозған, жаңғырту жүргізуді қажет етеді. Атырау облысында Президент бұл мәселеге тоқталып, Атыраудағы екі бекіре балық өсіру зауытын реконструкциялауды және жаңғыртуды тапсырды. Біз инвестициялық ұсыныс әзірлеп, Ұлттық экономика министрлігінің қарауына енгізетін боламыз, - деп мәлімдеді Экология министрі. 

Өзгелердің жаңалығы