БҚО-да жыл басынан бері жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауруларының 8 ошағы тіркелген

БҚО-да жыл басынан бері жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауруларының 8 ошағы тіркелген
469

Батыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі.  Оның 1-еуі қарасан ошағы, 7-еуі инфекциялық ринотрахеит. Бұл жайлы БҚО ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағанбетов мәлімдеді.

 Басқарма басшысының айтуынша, ошақтарда тиісті ветеринариялық іс-шаралардың кешені жүргізілген. Жыл сайынғы ветеринариялық профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде аса қауіпті аурулар бойынша эпизоотикалық жағдай тұрақталып келеді. Мәселен, 2020 жылы 62 ошақ анықталса, 2021 жылы 11 ошақ тіркелген.

БҚО-да мал арасында бруцеллез ауруы жиі анықталатыны белгілі. Биылғы 4 айда бруцеллез ауруына 243 мың бас мүйізді ірі қара зерттеліп, 2 085 бас ірі қарадан ауру анықталған. Ал диагностикалық зерттеуден өткен 76 мың бас ұсақ малдың 109-ынан бруцеллез шыққан. Бұл санитарлық малдар союға тапсырылып отыр.

Биыл БҚО-да ауру жануарларды санитариялық союды ұйымдастыру қызметіне 32,9 млн теңге қаржы қарастырылған.


Фото: дереккөз