БҚО-да жалпы медициналық жабдықтардың 80%-ы тозған

2 Маусым 2022, 18:30
1506
Бөлісу:
БҚО-да жалпы медициналық жабдықтардың 80%-ы тозған
Фото: автордан

Орал, BAQ.KZ тілшісі. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқызы жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына келіп, Оралда медициналық ұйымдардың басшыларымен кездесіп, жергілікті тұрғындарды қабылдауда.

Алдымен министр облыстық әкімдікте БҚО әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен өңірдің денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кеңеске қатысты.

БҚО-да жалпы медициналық жабдықтардың 80%-ы тозған

Министрге Батыс Қазақстан облысының 2022-2024 жылдарға арналған медициналық қызметтерді жаңғырту, сапасы мен қолжетімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарымен облыс әкімінің денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Ләйлә Бекжанова таныстырды. Оның айтуынша, былтыр облыстағы басты 32 медициналық нысанға аудит жүргізілген. Халыққа стационарлық қызмет көрсететін ұйымдардың жұмысын бағалауға тәуелсіз мамандар, тәжірибелі дәрігерлер мен денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері тартылған. Жол картасын әзірлеуде кадрларға, облыстың көрсеткіштері мен ең өзекті мәселелерге баса назар аударылған. 

БҚО-да жалпы медициналық жабдықтардың 80%-ы тозған

Облыста онкологиялық аурулардың асқынған 3 және 4-інші сатысындағы науқастардың артқаны байқалды. Туа біткен жүрек ақауымен туған сәбилер көбейді. Науқастардың емделуі үшін жақын және алыс шетелдік медицинаға жүгінуі, республикалық медициналық орталықтарға квота күткен саны артты. Медициналық құрал-жабдықтардың жетіспеушілігінен дәрігерлердің мүмкіндігі шектелген. Республикалық және жергілікті бюджеттен жеткілікті қаржы бөлінбейді. Облыстың жалпы медициналық жабдықтардың 80%-ы тозған. Саладағы ең басты көрсеткіштер қан айналым жүйесі аурулары, онкологиялық аурулар мен жарақат көрсеткіші төмендеді. Облыс орталығынан 700 шақырым жерде шалғай ауылдар бар. Дер кезінде медициналық көмек көрсету үшін алыс ауылдардағы медициналық мекемелерді орталықтандыру мәселесі өзекті. Аталған мәселелерді шешу үшін 2022-2024 жылдарға арналған медициналық қызметтерді жаңғырту, сапасы мен қолжетімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді, - деді Ләйлә Бекжанова.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев медицина саласындағы мәселелерге талдау жасалғанын айтты. Оның айтуынша, облыстағы науқастардың 84 пайызы еліміздің өзге өңіріне, 16%-ы шет елге диагноз қойдыруға не ем алуға кетеді екен.

Ешқандай тіркеуден өтпей өз бетімен емделуге кететін тұрғындардың да саны көп. Ол адамдар уақытында сапалы медициналық көмек ала алмайтынын және үлкен шығынға тап болатынын айтып жатыр. Біз құрған жұмыс тобы екі ай бойы әр емхана мен аурухананы аралады, жергілікті тұрғындармен қай медициналық көмекке зәру екенін сұрады. Әр ауыл мен ауданның мәселесін білеміз. Әрине, оның бәрін шешуге қаражат керек. Қаржы сұрадық, бөлінсе үш жыл ішінде медициналық жабдықтарды жаңалап, қызметкерлердің біліктілігін көтергіміз келеді, - деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

БҚО-да жалпы медициналық жабдықтардың 80%-ы тозған

Денсаулық министрі төмендеп кеткен көрсеткіштердің себебін анықтайтынын айтып, ана мен сәби өлімінің басты себептерін анықтауды тапсырды.

Тіпті туберкуллез ауруының өскенін көріп отырмыз. Бұл әлеуметтік маңызы бар аурулардың көбейгені халықтың әлеуметтік жағдайының төмендегенін білдіреді. Жақсы медициналық жабдықтар алғанымызбен маманымыздың біліктілігі төмен болса бәрібір шетелдік маманға жүгінетін болады. Мықты дәрігерге жүгіну әр азаматтың құқығы. Сондықтан медициналық жабдықты сатып алуды жоспарлаған сәттен бастап онымен қызмет көрсететін маманды оқытуды, әзірлеуді бастау керек. Ең жақсы УЗИ аппараттары болғанмен, құрсақтағы сәбидің туа бітті жүрек ауруын анықтамай, жарық дүниеге келген соң бір ай да өмір сүре алмай шетінеп жатқан жағдайлар бар. Өңірдегі жобаларды министрлік тарапынан қолдаймыз. Жергілікті атқарушы билік те үлесін қосуда. Бұл жерде бастысы – әр медициналық қызметкерден қолдау керек. Халықтың денсаулығын сақтауда оң нәтиже көргіміз келеді, - деді Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқызы.

Өзгелердің жаңалығы