Республика күні қарсаңында Батыс Қазақстан облысының Казталов ауданындағы Жаңажол ауылдық округінің Әбіш, Көктерек ауылдық округіне қарасты Еламан, Саралжын елді мекендері газ құбырына қосылды, деп хабарлайды сол өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Қазір Казталов ауданында 48 елді мекен болса, соның 32-сі көгілдір отынмен қамтылған. Биыл қалған 16 кіші елді мекеннің тұрғындары көмір, қи жағып, күл шығару бейнетінен құтылады.
Аудан әкімі Рүстем Зұлқашевпен бірге көгілдір отын алауын жаққан Әбіш ауылының тұрғыны Амангелді Әмірешов ақсақал көгілдір отын тарту жұмыстарына қатысқан барлық азаматтарға алғысын жаудырып, батасын берді.
Еламан елді мекеніндегі 9 үйдің бәрі көгілдір отын жүйесіне қосылды.
Бұрын біздің ауылға газ келеді дегенге сенбейтінбіз. Енді міне игілігін көретін болдық. Еліміздің дұрыс саясатының арқасында, елді, облыс, ауданды басқарып отырған азаматтардың жоспарлы жұмыстарының нәтижесінде осындай жұмыс сәтімен аяқталды. Газ өткізу жұмыстарын сапалы атқарған мердігерлерге де алғысымыз шексіз! - деді Ұзақбай Қожантаев ағамыз.
Көктерек ауылдық округіне қарасты Саралжын ауылындағы 56 үйдің 48-не газ желісі кіргізіліп, ауыл халқы көгілдір отынның игілігін көруде. Ауылдағы ағайын үйлеріне пештерін ейінге сырып, жылыту қазандықтарын қоюда.
Мереке қарсаңында аталмыш үш ауылдағы газ қосу салтанаттарына қатысқан Казталов ауданының әкімі Рүстем Зұлқашев, аудандық мәслихат хатшысы Сәрсенбай Молдашев елді мекен тұрғындарын құттықтап, газ желісін тартқан «ӘлияСервис» ЖШС мен ішкі жұмыстарды жасаған «ГазГид» ЖШС өкілдеріне алғыс білдірді.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев биыл облыста 27 ауыл газбен қамтылатынын, нәтижесінде облыс тұрғындарының газбен қамтылу үлесі 99,8 пайызға жететінін айтқан болатын. Биыл облыста 35 елді мекенді орталықтандырылған ауыз сумен қамту үшін 7,4 млрд теңге қаражат бөлінген.