БҚО-да Республика күніне орай 500 орындық жатақхана қолданысқа берілді

25 Қазан 2023, 02:40
1073
Бөлісу:
БҚО-да Республика күніне орай 500 орындық жатақхана қолданысқа берілді
Фото: ашық дереккөз

Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің студенттері үшін 500 орындық 9 қабатты жатақхана пайдалануға берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жаңа жатақхана «Студенттік жатақханадағы орын тапшылығы мәселесін шешу» тапсырмасына сәйкес жүзеге асты. Салтанатты жиын ҚР Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбектің арнайы бейнеқұттықтауымен басталды. Министр 90 жылдан астам тарихы бар Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті Ақжайық өңіріне жүз мыңға жуық кәсіби білікті ұстаз-маман дайындап шығарған білім ордасы екенін атап өтті. Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Республика күніне орай өңірдегі білім мен ғылымның қара шаңырағы – Махамбет батыр есімін иеленген Батыс Қазақстан университетінде төртінші жатақхананың ашылып отырғанын жеткізді.

Су жаңа жатақхананың лентасын қию құрметі облыс әкімі Нариман Төреғалиев, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ректоры, профессор Нұрлан Серғалиев пен Қазақстан Республикасы Президентінің атаулы шәкіртақысы иегері, республикалық пәндік олимпиаданың жеңімпазы, студенттер үйінің тұрғыны, педагогика факультетінің 4-курс студенті Гүлсезім Сегізбаевға берілді.

Айта кетейік, нысан заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған. Әр секцияда ас үй, жатын бөлме, жуыну бөлмелері бар. "Қаржы орталығы" АҚ Ғылым және жоғары білім министрлігінің атынан университеттің жатақхана салу шығындарын 6 жыл ішінде өтейді.

Жатақхананың бағасы студенттерге ай сайын 8 жарым мың теңге. Қазір «Қаржы орталығы» министрлікпен және университетпен келісім шарт жасады. 6 жыл әр студентке 195 АЕК көлемінде төленеді. Жатақханаға жұмсалған ақшаны 6 жылда қайтарып аламыз, – дейді М. Өтемісов атындағы БҚУ ректоры, прфессор Нұрлан Хабиболлаұлы Серғалиев.

Аталмыш нысанды мемлекеттік сатып алу шартына сәйкес мердігер ұйым – «BETA Services» ЖШС салды.

Өзгелердің жаңалығы