БҚО-да Республика күніне орай 200-ге жуық шара өтеді

18 Қазан 2022, 08:50
1715
Бөлісу:
БҚО-да Республика күніне орай 200-ге жуық шара өтеді

25 қазан Республика күніне орай БҚО-да 200-ге жуық мәдени-бұқаралық шара өтеді деп жоспарланып отыр. Бұл туралы ӨКҚ алаңында өткен брифингте Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Қуанышбек Мұханғалиев мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Республика күнін атап өтуде ұлттық идеология кеңінен насихатталып, іс-шараларды ұйымдастыруда   өңірдің дамуына үлес қосқан азаматтарға басымдық берілмек.  

Мереке қарсаңында салтанатты жиындар, мерекелік концерттік бағдарлама, театрландырылған қойылым, дөңгелек үстел, кітапхана көрмелері мен музейлерде экскурсия, спорттық шаралар т.б. ауқымды шаралар күтілуде.   

Облыс орталығында, аудандарда ҚР Президентінің мемлекеттік наградаларымен марапаттау рәсімі өтеді. Мемлекетті дамыту, саяси мәдениетті жаңғырту мәселелеріне арналған  ғылыми-тәжірибелік конференциялар  ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар бұл күні бірқатар  әлеуметтік нысандар ашылады.

25 қазан күні Тұңғыш Президент алаңында сағат кешкі 18.00-де Қазақстанның эстрада жұлдыздары, өңірімізге танымал өнерпаздардың  қатысуымен мерекелік концерт және отшашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, облысымыздың аудандарында да бірқатар мерекелік іс-шаралар легі өтеді. Оның ішінде Республика күніне орай Теректі  ауданының Теректі ауылындағы тарихи-өлкетану музейі және Бәйтерек ауданында "ШЫҢ" сазды-драма театры ғимараты салтанатты түрде ашылады. Аталмыш театр ұжымы Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына арналған "Рух" қойылымын сахналайды, – деді Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Қуанышбек Мұханғалиев

Ұлттық мереке қарсаңында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы этно-мәдени бірлестіктерінің қатысуымен экологиялық акциялар, партиоттық конкурстар өткізілмек.  Республика күнінің қайырымдылық айымен тұспа-тұс келуі де ұйымдастырушылардың назарынан тыс қалмаған.  Бұл бағытта да бірқатар игілікті іс жасалмақ.

Өзгелердің жаңалығы