Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы облыс прокуратурасының үйлестіруімен Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарына есірткі жеткізу арналарын жойды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Ақтөбе қаласында Toyota автокөлігі тоқтатылды. Оның ішіндегі такси жолаушысын тінту кезінде ерекше иісі бар, жасыл түсті өсімдік зат салынған сөмке табылды. Сараптама қорытындысына сәйкес бұл зат салмағы 10 келі шамасында кептірілген марихуана болып шықты. Ұсталған 35 жастағы Қызылорда қаласының тұрғыны уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Оған қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Сондай-ақ Ақтөбе қаласында жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 30 жастағы Орал қаласының тұрғыны ұсталды. Ол синтетикалық есірткілердің облысаралық жеткізілуін ұйымдастырды деген күдікке ілінді. Полиция қызметкерлері оны есірткі жасырып жатқан кезде ұстады. Оны жеке тінту кезінде әрқайсысында 25 шағын түйіншегі бар екі ірі орама табылды.
Оқиға орнын тексеру кезінде полиция қызметкерлері үш үлкен орама тауып, оның ішінен 60 түйіншек шықты, олардың барлығы ерекше иісі бар ұнтақ затпен толтырылған. Күдіктінің Ақтөбе қаласында жалға алынған пәтерін тексеру кезінде ішінде есірткі заты бар 22 зип-пакет және есірткі орау үшін қолданылатын зип-пакеттер, фольга және изолента табылды.
Барлығы есірткі заты бар 132 түйіншек тәркіленді, бұл қылмыстық әрекеттің ауқымды екенін растайды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті облыс аумағында есірткі құралдарының заңсыз айналымын тоқтату бойынша белсенді жұмысын жалғастыруда.