Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл Батыс Қазақстан облысында өсімдік шаруашылығына 726 млн теңге субсидия бөлінеді, деп хабарлайды «Мой город» порталы.
БҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Наурызбай Қарағойшинның айтуынша, республика бойынша көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 194 млрд теңге көлемінде кредит беру көзделген. Оның ішінде өңірге «Кеңдала» бағдарламасы бойынша 950 млн теңге және «Агробизнес» бағдарламасы бойынша 250 млн теңге бөлу жоспарланған.
«Агробизнес» бағдарламасына артық өтінімдер түссе, қосымша қаражат бөлу мәселесі қарастырылуы мүмкін. Бүгінде жалпы 374 млн теңге бөлінді, оның ішінде "Кеңдала" бағдарламасы бойынша 21 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 281 млн теңге және "Агробизнес" бағдарламасы арқылы 6 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 93 млн теңге берілді. Түскен өтінімдерге сәйкес кредит беру жалғасады, – деді Наурызбай Қарағойшин.
Ол биыл өсімдік шаруашылығы саласын субсидиялауға 726 млн теңге, оның ішінде тыңайтқыштарды сатып алуға жергілікті бюджеттен 153 млн теңге қарастырылғанын атап өтті.
Бұл қаражатқа өнімнің шығымдылығы мен сапасын арттыру үшін 1600 тонна минералды тыңайтқыш сатып алу жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеуге арналған пестицидтердің құнын субсидиялауға 121 млн теңге бөлінді, әрі 38 мың литр пестицидтің бағасын төмендету жоспарлануда. Сондай-ақ 7 мың текше метр су сатып алу үшін 23 млн-нан аса теңге, ал 1 700 тонна тұқым сатып алу үшін бюджеттен 247 млн теңге бөлінді, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Наурызбай Қарағойшин көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін Атырау мұнай өңдеу зауытынан 11,5 мың тонна арзан дизель отыны алынатынын айтты.
Қазір дизель отынын жеткізу бойынша операторды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді басшы.