Қазақстанның соңғы жаңалықтары

БҚО-да өңдеу өнеркәсібінің көлемі 303 млрд теңгеге жетті – әкім есебі

Бүгiн, 16:25
116
Бөлісу:
 gov.kz
Фото: gov.kz

Биыл Батыс Қазақстанда өңдеу өнеркәсібінің көлемі 17%-ға артып, 303 млрд теңгені құраған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Әкім өңір экономикасының басым бағыттарын атады. Айтуынша, оларға: мұнай-газ, өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, құрылыс индустриясы және агроөнеркәсіп кешені жатады.

Аталған салаларда 30 мыңнан астам адам еңбек етеді. Олар ішкі нарықты бәсекеге қабілетті өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, сыртқы нарыққа да экспорттайды. Есепті кезеңде облысқа 567 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды. Оның 80 пайызы немесе 453 млрд теңгесі – жеке сектордың үлесі.

Алдағы бес жылда 4,4 трлн теңгеге 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құрумен 73 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр, – деп атап өтті облыс әкімі.

Сонымен қатар ол өңдеу өнеркәсібі – облыс экономикасын әртараптандырудағы стратегиялық маңызды бағыттардың бірі деп атады.

Аталған саланы жүйелі түрде дамыту өңірде жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірістік әлеуетті арттыруға және экономикалық өсімді тұрақты негізде қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп келеді. Есепті кезеңде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 17 пайызға өсіп, 303 млрд теңгені құрады. Тікелей шетелдік капиталды тарту мақсатында биыл өзім бастаған делегация Чехия, Ресей, Иран, Қытай және Оңтүстік Корея елдеріне барып бірқатар әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргіздік, – дейді Нариман Төреғалиев.

Әкімнің мәлімдеуінше, өңірде өнеркәсіп, құрылыс, медицина, энергетика және ауыл шаруашылығы салаларында жалпы құны 1 трлн теңге болатын жобалар бойынша меморандумдарға қол қойылған.

Өзгелердің жаңалығы