Батыс Қазақстан облысында кене қаптап, малмен күнелтіп отырған шаруалар әуре-сарсаңға түсіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Хабар24 жазды.
Аймақ қазынасынан бөлінген қаражат тек жеке тұрғындардың төрт түлігін емдеуге жұмсалады екен. Ал қожалық иелері дәрі-дәрмекті өз есебінен сатып алуы тиіс. Қазталов ауданында жайылымдарда қансорғыш жәндіктер көбейді. Өрістегі төрт-түлікті кене басқан. Ветеринарлық станса мамандары жеке тұрғындардың малын егу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Ал шаруа қожалықтары болса өз беттерімен амалдап жүр. Көбі қолы жеткен дәрімен ғана улап жатыр. Кейбір шаруалар тіпті дәрілеуді тоқтатқан. Олар өңделген малдар өрістен тағы кене жапсырып келетінін айтады. Шаруалар зиянкестердің мұншалықты қаптап кетуін киіктерден көріп отыр.
Биыл кене қайтадан көбейіп кетті. Жылқылардың шоқтығының екі жағы кенеге толып тұрады. Біреулер қымбат дәріні айтады, оны біз таба алмаймыз. Қолда бар дәрімен амалдап жатырмыз, - дейді шаруа қожалығының басшысы Айдын Сүндетов.
Ветеринария басқармасының мәліметінше, жыл сайын энзоотиялық аурулардың алдын алуға облыстық бюджеттен 26 млн теңге бөлінеді. Оған 130 мың бас ірі қара егіледі екен. Биыл да дәл осындай қаражат қаралған. Бірақ дәрі-дәрмектің қымбаттауына байланысты егілетін мал саны енді 10% шамасында қысқарып отыр.
1 сәуірге дейін 21 мың бас егілді. Қазіргі таңда да егу жұмыстары жалғасып жатыр. Қожалықтар сатып аламын десе, облыс аумағында орналасқан ветаптекалардың барлығында бұл дәрі-дәрмектер жеткілікті мөлшерде бар. Кенені тек ғана киіктер тасымалдамайды. Қарсақтар да, қояндар да немесе басқа да кеміргіштер де кенелерді тасымалдаушы болып есептеледі. Мына ылғалдың көп болуы да өзінің әсерін тигізіп отыр, - дейді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағанбетов.
Қазталов ауданында жеке тұрғындардың 15 мыңнан астам малын егу көзделген. Десе де, киіктердің көбейгенін алға тартқан шаруалардың өтінішіне байланысты қосымша тағы бір мың бас ірі қараны дәрілеуге қаражат жұмсалатын болды.