Еріген қар суы бүгін кешке жақын Қаратөбе ауданы Ақтайсай ауылына кіреберіс жолды басып қалған. Қазір көлік қозғалысы толық тоқтатылды. BAQ.KZ тілшісіне бұл ақпаратты Қаракөл ауылдық округінің әкімі Эльдар Амантаев растады.
Соңғы тәуліктерде күннің күрт жылынуына байланысты ауыл жанындағы Саян және Шолақсай сайлары тасып, кіре берістегі өткелді су басып қалды. Адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жолды жауып, тиісті белгі орнаттық. Жалпы бұл жылда қайталанатын жағдай. Мәселен, былтыр су 8 күн тасыса, алдыңғы жылы 5 күн көлік қатынасынсыз отырдық. Биыл неше күн таситынын қайдам. Бірақ алдын-ала қамданып, ауру-сырқаулы жандарды, екі жүкті әйелді аудан орталығына жеткіздік. Тасқын судан тұрғын үйлерге ешқандай қауіп жоқ. Өйткені елді мекен төбе басында, аталған сайлардан 25 метр биіктікте орналасқан, - дейді ауыл әкімі.
Биыл Батыс Қазақстан облысына көктем жылдағыдан ерте келді. Соңғы тәуліктерде ауа температурасы күрт көтерілді. Оңтүстік аудандарда сынап бағанасы +20 градусқа дейін жеткен. Синоптиктердің болжауынша, мұндай ауа райы сейсенбіге дейін жалғасады.