БҚО-да арматура зауыты ашылды

БҚО-да арматура зауыты ашылды
634

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандық «Merlion Develoment Group» компаниясы мен италиялық «Petrolvalves S.P.A» компаниясы өзара келісімшарт негізінде жаңа «Petrolvalves Kazakhstan» серіктестігінің іргесін қалады. Жоба аясында Ақсай қаласында арматура зауыты ашылды. Өндіріс орнында мұнай-газ саласына басым бағыт берілген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа зауытта аймақтағы кен орындарына қажетті тауарлар өндірілетін болды. Бұл өз кезегінде жабдықтардың ішкі нарықта қолжетімділігін арттырып, экономикаға да оң септігін тигізбек. Қос компания арасындағы келісімшартқа сәйкес өндіріс барысы 2 кезеңнен тұрады. Алғашқысы шетелде, кейінгісі өңірде жүргізіледі. 

Жоғары технологиялық тетіктер, тетіктік арматуралар немесе клапанды движка дегендей, соны өңдегіміз келіп тұр. Оған қоса, соларды жөндеу жұмыстарын жасаймыз. Бірінші этапта алғашында құрастырамыз. Содан әрі бөлшектерін жасап бастаймыз. Кейін 2-кезеңге келген кезде толықтай осы жерде барлық құрамын жасап, толық дайындау, – дейді «Petrolvalves Kazakhstan» ЖШС бас директоры Динар Хамиев.

Бүгін біз үшін ерекше күн. Бұл серіктестік ілкімді істерге жетелейді. Өндіріс орны мұнай-газ саласын дамытуға үлес қосары анық. Үшжылдық даму жоспары негізінде өндіріс қуаты да кезең-кезеңімен артып отырады. Алғашында жылына 500 клапан құрастырылса, кейін 3 мыңға дейін жеткізу көзделген. Сәйкесінше тұрақты жұмыс орындарын да көбейту міндеті тұр. Шетелдік компания қазақстандық кадрлардың тәжірибесін жетілдіруге күш салады, – деді «Petrolvalves S.P.A» компаниясының бас директоры Криштиану.

Атырау және Орал қаласында жұмыс істеп келгенмін. Осында жұмысқа шақырды. Келіп, бәрін көріп жатырмыз. Бәрі жақсы. Жұмыс басталуда, - деді зауыт операторы Мержан Өтегенов.

«Petrolvalves Kazakhstan» ЖШС бас директоры Динар Хамиевтің айтуынша, кадрлардың барлығы бар.. Жабдықтарды жүргізетін, білетін мамандар жергілікті адамдарымызға үйретуге келіп тұрады.

Серіктестік алдағы уақытта аймақтағы ғана емес, елдегі өзге де жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындармен байланыс орнатпақ. Зауыттың ашылу салтанаты соңында-ақ мұнай-газ өндіру операторларымен меморандумға қол қойылды.


Фото: ашық дереккөз