Ақтөбе облысында көліктерді заңсыз тіркеген топ ұсталды. Олардың ішінде заңсыз құжаттар рәсімдеумен айналысқан автоинспектор мен нотариус болған.
ҚМА Ақтөбе облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен міндетті төлемдерден жалтару мақсатында жүк автокөліктерді заңсыз есепке қоюмен айналысқан қылмыстық топқа қатысты тергеп-тексеруді аяқтады
Тергеу амалдарына сай, топ мүшелері Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары аумағында N3 санатындағы (жүк тартқыштар) және M1 санатындағы (жеңіл автокөліктер) 82 көлікті заңсыз тіркеген. Құрамында 9 адам болған, олардың арасында автоинспектор мен нотариус та бар.
Клиенттер мессенджерлер мен интернет-ресурстар арқылы табылып, міндетті төлемдерсіз жүк автокөлікті тіркеу қызметтері ұсынылған. Келісім жасалғаннан кейін ұйымдастырушы көлік туралы мәліметтерді ішкі істер органдарының қызметкеріне беріп, ұқсас техникалық сипаттамалары бар, бұрын есептен шығарылған автокөліктерді іріктеткен. Одан әрі топ мүшелері жалған сатып алу-сату шарттары мен сенімхаттар рәсімдеп, жалған тұлғаларды тартып, құжаттарды арнайы ХҚКО арқылы өткізіп, заңсыз тіркеуді жүзеге асырған. Бұл ретте нотариустық әрекеттер заңды иелердің нақты қатысуынсыз жүргізілген. Мемлекетке келтірілген жалпы залал 705 млн теңгені құрады. Сот санкциясымен күдіктілердің 2,4 млрд теңге тұратын мүлкіне тыйым салынды. Бес күдікті қамауға алынып, үшеуіне үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды, - деп хабарлады ҚМА ресми өкілі Ернар Тайжан.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.
Еске салайық, бұған дейін ШҚО-да салықтан жалтаруға көмектескен қылмыстық топ ұсталды.