Бозымбаев Жамбылдың 175 жылдығында қандай іс-шаралар атқарылғанын баяндады

3 Желтоқсан 2021, 14:09
1223
Бөлісу:
Бозымбаев Жамбылдың 175 жылдығында қандай іс-шаралар атқарылғанын баяндады
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы облысының барлық кітапхана, музей, мәдениет үйлерінде Жамбыл Жабаев  туралы онлайн форматта танымдық сағаттар, дөңгелек үстелдер, концерттер өтіп, республикалық, облыстық, аудандық газет беттерінде «Ұлы дала Жамбылы»  айдарымен мақалалар жарияланды. 

Бұл туралы Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев Жамбыл ауылында ақынның 175 жылдық мерейтойын қорытындылау іс-шарасында айтты. 

Оның айтуынша, ақпан айында облыс орталығы Талдықорған қаласында Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Уәлихан Қалижанның «Жамбыл» атты кітабының тұсаукесері өткізілген. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейі жылжымалы көрме ұйымдастырып, арнайы әкелінген экспонаттар елорда тұрғындарына ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығынан сыр шерткен. 

Уақыт биігіне сай жан-жақты қамтылған сом туынды болатындай «Жамбыл Жабаевқа 175 жыл» атты арнайы хроникалық фильмі әзірленіп, облыстық «Жетісу» телеарнасы арқылы халыққа көрсетілуде. Жамбыл атамыздың рухын асқақтату мақсатындағы Жамбыл әдеби-мемориалды музейінің көрмелері мен облыс өнерапаздарының концерттері Жамбыл, Ақмола облыстарында сәтті өткізілді. «Жамбыл ізімен» атты республикалық экспедиция Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Бішкек қаласына дейін барып қайтты, – деді облыс әкімі. 


Бозымбаев Жамбылдың 175 жылдығында қандай іс-шаралар атқарылғанын баяндады

Облыста Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен республикалық «Сәлем, Елорда» фестивалі өткізіліп, оған республикамыздың барлық өңірінен арнайы келген қонақтарға Жамбыл әндерінен шашу шашылды.  Оған қоса «Жамбыл бейнесі» атты халықаралық суретшілер пленэр ұйымдастырылған.  Оған Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия елдерінен суретшілер қатысты.  

Үстіміздегі жылдың 5-8 қазан күндері Түркия мемлекетінің Анкара қаласында «Түркі дүниесінің жыр алыбы» атты ғылыми-практикалық конференция өтіп, облыс атынан арнайы өкілдер қатысып қайтты. Қараша айында «Төгейін жырды халқыма» атты халықаралық қазақ-қырғыз ақындар айтысы өтті. «Жыр алыбы – Жамбыл» спектаклінің қойылымына қаржы бөлініп, көрерменге ұсынуға дайын тұр, – деді Бозымбаев. 

Сонымен қатар биыл Жамбыл Жабаев әдеби-мемориалды музейі жөндеуден өтіп, ескерткішінің ағымдағы жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған.


Бозымбаев Жамбылдың 175 жылдығында қандай іс-шаралар атқарылғанын баяндады

Міне, өздеріңізбен бірге Жамбыл Жабаев әдеби-мемориалды музейінде еліміздің келешегін кемел ететін республикамызға белгілі жас ақын-жазушылармен кездесіп, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасымен бірлесіп шығарған «Жамбыл әлемі» 30 томдығының  тұсаукесер рәсімін салтанатты түрде атқарғалы отырмыз. Бұл ғасырдан ғасырға мұра болып қалатын әдеби алтын қор деп санаймын. Ұлыларымызды ұлықтайтын игі істеріміз көп болсын, – деп қорытындылады сөзін әкім.

Алматы облысы Жамбыл ауылында өткен іс-шараға Мемлекеттік хатшы Қ. Көшербаев, Премьер-министрдің орынбасары Е. Тоғжанов, Мәдениет және спорт министрі А. Райымқұлова және ақын-жазушылар қатысты.

Өзгелердің жаңалығы