Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев AZAL әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырағаннан кейін қазақстандықтарға төленетін өтемақы мәселесіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, сөз алты қазақстандық туралы болып отыр. Кейбір отбасылар төлемдерін алып қойған, алайда жекелеген жағдайларда заңдық рәсімдерге байланысты процесс әлі жалғасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Білесіздер, мен бұл мәселемен байланысқа шықтым. Алты адамның бір бөлігі барлық төлемін алды. Өкінішке қарай, кейбірі сотта қаралып жатыр, себебі кімнің алуы керектігі анықталуда. Бір отбасы бойынша кімнің төлем алатыны әлі белгіленбеген. Бірақ сақтандыру компаниялары – әзербайжандық та, ресейлік те – төлем жасауға дайын. Жақын арада олар да бәрін алады деп ойлаймын. Азаматтығына қарамастан, барлық жолаушыға бірдей төлем қарастырылған, – деді Қанат Бозымбаев.
Ол Қазақстан бұл жағдайды бақылауда ұстап отырғанын және Әзербайжан тарапымен тұрақты байланыста екенін де атап өтті.
Біз жағдайды бақылап отырмыз, тығыз байланыстамыз және түрлі себеппен бұл мәселенің ұмыт қалуына жол бермейміз. Қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз. Бірақ қазір мәселе заңдық рәсімдер мен мұрагерлерді анықтауға байланысты болып тұр, – деді Премьер-министрдің орынбасары.
Еске салайық, 2024 жылы 25 желтоқсанда Ақтауда ұшақ құлады.
Ақтауда құлаған ұшақта 6 қазақстандық болған.
Ресей мен Әзербайжан AZAL-ға қатысты бірлескен мәлімдеме жасады.