Бостон марафоны алғаш рет өтпейтін болды

29 Мамыр 2020, 12:17
1343
Бөлісу:
Бостон марафоны алғаш рет өтпейтін болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Коронавирус пандемиясы салдарынан 124 жылдық тарихында алғаш рет Бостон марафоны өтпейтін болды. Бұл туралы 28 мамырда жарыстың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады korrespondent.net.

Біздің негізгі ұстанымымыз бұрынғыдай қауымдастықтың, сондай-ақ, қызметкерлеріміздің, қатысушылардың, еріктілердің, көрермендердің және жанкүйерлердің денсаулығын сақтау болып қала бермек, − деді Бостон марафонының атқарушы директоры Том Грилк.

Бастапқыда марафон 20 сәуірде өтуі керек еді, кейін 14 қыркүйекке ауыстырылды. 
Марафонға тіркелгендердің кіру жарнасына жұмсаған шығындары өтелетін болады.

Сонымен қатар, әр адам марафонның виртуалды нұсқасына қатысуға мүмкіндік алады. Ол үшін қашықтықты өз бетінше жүгіріп өтіп, тиісті дәлел беруі керек.

Виртуалды марафон өткен барлық спортшылар Бостон марафонының ресми бағдарламасын, қатысушының футболкасын, желаяқтың төсбелгісі мен медалін алады.

Еске сала кетейік, Бостон марафоны – әлемнің ең көне және беделді марафондарының бірі. Ол алғаш рет 1897 жылы өткізілген.
Өзгелердің жаңалығы