Бос жұмыс жәрмеңкесі. 53 қызылордалық тұрақты қызмет тапты

17 Наурыз 2019, 16:14
3205
Бөлісу:
Бос жұмыс жәрмеңкесі. 53 қызылордалық тұрақты қызмет тапты

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылордада бос орындар жәрмеңкесі өтті. Мұнда 53 қызылордалық тұрақты жұмыс тапты.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенттер сарайында өткен шараны «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы және қалалық жұмыспен қамту орталығы ұйымдастырды.

Бос жұмыс жәрмеңкесі. 53 қызылордалық тұрақты қызмет тапты

Жәрмеңкеге отыз мекеменің өкілі келді. Оларда 150-ден аса жұмыс орны бос тұр екен. Жәрмеңкеде жұмыс іздеушілер де көп болды. Екі жүзге жуық адам өзінің қарым-қабілеті жететін бір орынға орналасуға ниеттеніп келген. Солардың қатарында Айнұр Наурызбаева да бар.

«Қос дипломым бар. Заңгермін. Белгілі себеппен екі-үш жыл жұмыссыз отырып қалдым. Түйіндемемді біраз мекемеге апарып тастадым. Бірақ нәтиже болмай тұр. Интернет арқылы жәрмеңкенің өтетінін білдім. Енді осы жерден жұмыс табылады деген үмітім зор», – дейді Айнұр Наурызбаева.

Бос жұмыс жәрмеңкесі. 53 қызылордалық тұрақты қызмет тапты

Партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Әбдікәрімовтің айтуынша, бос орындар жәрмеңкесі «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында, азаматтарды «Бірыңғай қабылдау күні» акциясы шеңберінде ұйымдастырылып отыр.

«Мұның мақсаты – жұмыссыздыққа жол бермеу, жұмыссыз азаматтарға қажетті мамандықтар таңдауға көмектесу және жұмысқа орналасуына ықпал жасау. Азаматтар келіп, осы шараға қатысып жатқан мемлекеттік құрылымдар бар, жұмыс беруші мекеме мамандарымен жүздесіп, пікірлесіп, осы бағдарламаның бағыты бойынша тиісті кеңес алуда», – деді ол.

Бос жұмыс жәрмеңкесі. 53 қызылордалық тұрақты қызмет тапты

Жәрмеңке нәтижесі бойынша 49 азаматқа жолдама беріліп, 53 азамат тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды.

Өзгелердің жаңалығы