Мәжіліс бірінші оқылымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттар бастамашы болған құжатта атқарушылық іс жүргізу кезінде азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейту көзделген.
Заң жобасына сәйкес, енді борышкерлерді баспанадан шығарудан кемінде 10 күн бұрын міндетті түрде хабардар ету тәртібі енгізіледі. Бұл азаматтарға алдын ала дайындалып, басқа баспана табуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, баламен қарым-қатынас тәртібіне қатысты атқарушылық құжаттар бойынша борышкерлерді бірыңғай тізілімге енгізуге тыйым салу ұсынылып отыр.
Құжатта бітімгерлік келісім жасасу үшін атқарушылық іс жүргізуді бір айға дейін тоқтата тұру мүмкіндігі де қарастырылған.
Бұдан бөлек, атқарушылық құжатты ұсыну мерзімі өтіп кеткен жағдайда барлық мәжбүрлеп орындау шараларының күшін жою нормасы енгізіледі.
Сондай-ақ заң жобасында атқарушылық құжатты соңғы орындаған және іс жүргізуді тоқтатқан сот орындаушысына өзге сот орындаушылары енгізген барлық тыйымдарды алып тастау құқығын беру көзделген.
Жалпы, ұсынылып отырған өзгерістер азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге және атқарушылық іс жүргізу рәсімдерін жетілдіруге бағытталған.
Еске салайық, бұған дейін бұғатталған шотты онлайн ашуға болатыны мен ол үшін қайда жүгіну керектігі айтылды.