Бородулихада Мәдениет үйінің әртістеріне сахналық киімдер сатып әперілді

17 Қыркүйек 2020, 09:34
4972
Бөлісу:
Бородулихада Мәдениет үйінің әртістеріне сахналық киімдер сатып әперілді

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Бородулиха ауданында бірнеше мәдениет нысаны қайта жөндеуден өтіп, орталық Мәдениет үйінің әртістеріне жаңа сахналық киімдер сатып әперілді.

Биылғы жыл мерейтойлы жыл екені барлығымызға аян. Атап айтсақ үстіміздегі жылы Ата заң – Конституциямыздың 25 жылдығы, Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 75 жыл, сондай-ақ Абайдың 175 жылдығы аталып өтуде. Мәдениет саласында талмай еңбек етіп келе жатқан азаматтар үшін аталмыш айтулы күндердің барлығы ерекше. Осынау мерейтойлы жыл аясында ауданымыздың мәдениет саласы айтарлықтай түрленіп, қордаланып қалған бірсыпыра мәселе өз шешімін тапты, - дейді Бородулиха ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысы Индира Бельская. 

Құзырлы мекеме басшысының берген ақпаратына сүйенсек, үстіміздегі жылы аудан орталығындағы Мәдениет үйі қызметкерлеріне жаңадан сахна киімдері сатып әперілген екен. Бұл осы жолда еңбек етіп жүрген мәдениет саласы қызметкерлері үшін үлкен қуаныш болғанын тілге тиек еткен ол, сондай-ақ аудан көлемінде құрылатын киіз үйлер санының да көбейе түскенін хабарлады. Атап айтсақ, үстіміздегі жылы Бородулиха ауданында толықтай жабдықталған төрт жаңа киіз үй сатып алынған. 

Сонымен қатар, Ивановка, Переменовка ауылдарының мәдениет үйлерінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасымен ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осылайша, аудан аумағындағы он шақты мәдени орын жарияланған төтенше жағдайға орай өз қызметтерін онлайн режиміне көшірсе де, олардағы жөндеу жұмыстары тоқтаған жоқ. Екі жобамен ауданда алты тұрғын екі қолға бір күрек ұстады. 20 млн теңгеге таяу бюджет қаражатына мәдени нысандардың төбелері жөнделіп, терезелері жаңартылды.

Өзгелердің жаңалығы