Бородулиха ауданында мемлекеттік тілдегі мектеп тапшы

10 Сәуір 2023, 17:15
1372
Бөлісу:
Бородулиха ауданында мемлекеттік тілдегі мектеп тапшы
Фото: obvk.kz

Абай облысының Бородулиха ауданында қазақ тілінде оқытатын мектеп аз. Өңірдегі 32 білім ордасының тек үшеуі мемлекеттік тілде, деп хабарлайды өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Автобуспен оқып жүр талай қазақ баласы

Бұл өңірдегі бірнеше ауылда қазақ тілінде білім беретін мектеп болмағандықтан 81 оқушы аудан орталығы – Бородулиха ауылына автобуспен келіп оқиды. Бұған ата-аналар наразы. Осыны ескерген жергілікті әкімдік былтырғы оқу жылынан бастап Дмитриевка ауылында 0-4 сынып аралығында қазақ сыныптарын ашыпты.

Өткен жылға дейін 100-ге жуық оқушы аудан орталығындағы Әлихан Бөкейхан атындағы қазақ мектебіне автобуспен тасымалданды. Мұның да өз қиындықтары болды. Ата-аналар бұл мәселені аудан әкімі Ахметқали Нұрғожинге жеткізді. Көп уақыт өтпей 5 сынып ашылды. Енді алдағы оқу жылынан бастап 11 сыныпқа дейін қазақ сыныптарын ашсақ деген ойымыз бар. Бұған негіз де жоқ емес. Ауылымызға соңғы жылдары қандастар көшіп келіп жатыр. Өзге аудандардан қоныс аударып жатқан тұрғындар да бар, - дейді осы ауылдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің директоры Анна Лазарева.

Бородулиха ауданының әкім Ахметқали Нұрғожиннің айтуынша, өңірде мемлекеттік тілде білім беретін мектептерге сұраныс жоғары. Осыған орай алдағы оқу жылында Ивановка ауылында 0-4 сынып аралығында қазақ сыныптарын ашу жоспарланып отыр.

Осы істі сәтімен жүзеге асырсақ, ары қарай 5-11 сынып аралығында қазақ сыныптарын ашуға жұмыс істейміз. Бұл – ата-аналардың талабы. Екіншіден, Ивановка ауылы аудан орталығынан 30 шақырым жерде. Әсіресе қыста қиын, - дейді ол.

Балабақша ғимаратындағы білім ордасы

Ал осы аудандағы Новопокровка ауылының тұрғындары елді мекенде жаңа қазақ мектебі қашан салынатынын тағатсыздана күтіп жүр. Себебі, ауылдағы жар дегендегі жалғыз қазақ мектебі 1993 жылы салынған балабақша ғимаратында орналасқан. Ата-аналардың айтуынша, мектептің материалдық жабдықталуы төмен. Парталар ескірген, көрнекілік құралдар тозған.

Мектептің дәлізі тар. Оқушыларға ыңғайсыз. Ата-аналар жаңа мектеп салынса деп көптен бері айтып жүр. Жалпы, бұл білім ордасының мұғалімдері де, оқушылары да мықты. Өзімнің екінші қызым осы мектепті алтын медальға бітірді. Қазір Словакияда оқып жатыр. Бізге тек жаңа мектеп қана жетіспей тұр, - дейді осы ауылдың тұрғыны тұрғыны Зәуреш Қуанышбаева.

Новопокровка ауылындағы алғашқы қазақ мектебі 1997 жылы ашылып, Мұхтар Әуезовтің есімі берілген екен. Бүгінде мұнда 150-ге жуық бала оқып жатыр.

Мектеп алғаш ашылғанда 7 сынып қана болды. 2002-2022 жылдар аралығында 338 бала бітіріп шықты. Бір қуантатыны, соңғы жылдары ауылымызға қоныс аударушылардың қатары көп. Қандастарымыз көшіп келіп жатыр. Сондықтан жаңа, еңселі мектепке сұраныс артып отыр, - дейді мектеп директоры Ермек Әбдікәрімов.

Ата-аналардың талап-тілегін Абай облыстық Білім басқармасы өкілдеріне жеткіздік. Алайда құзырлы мекеме жаңа мектеп салуға негіз жоқ екенін айтты. Тек ағымдағы жөндеуге қаржы бөлеміз деп уәде бергендей болды.

Жаңа мектеп салудың өз критерийлері бар. Бірінші кезекте үш ауысымда оқитын немесе апатты деп танылған мектептердің орнына жаңа нысан салынады. Бұл мектепке ондай санатқа жатпайды, - деді Абай облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Әсем Нүскенова.

Қазақша атаулар қашан беріледі?

Бородулихадағы қазақ мектептерін айтқанда ономастика мәселесін айналып өте алмаймыз. Өйткені, өңірдегі 17 ауылдық округтің 13-і әлі күнге дейін Новопокровка, Михайловка, Дмитриевка, Ивановка, Переменовка, Новодворовка, Петропавловка, Жерновка секілді идеологиялық тұрғыдан ескірген атауға ие. Жергілікті зиялы қауым өкілдерінің айтуынша, бұл ауылдардың өз тарихи атаулары бар. Мәселен, бұрын Новопокровка - Жұра, Камышенка - Қамысты, Михайловка - Мықы, Дмитриевка - Шұңқыр ащы, Бородулиха - Үлкен көл, Ивановка - Маралбай, Переменовка - Бәйгетөбе, Орловка - Қыранды, Буркотова - Бүркітті деп аталған.

Әрідегі тарихқа көз жүгіртсек, Бородулиха Тұғрыл ханның империясының құрамында болған. Берідегі тарихқа үңілсек, қазақ хандығына кеш қосылған жер. Бұл ауданның негізгі тұрғындары – қазақтар, оның ішінде Арғынның Тобықты, Керейдің Аюке және Ақпанбет деген рулары. Жасыратыны жоқ, ауданда 30 жыл бойы ономастика саласында жүйелі жұмыс жүргізілген жоқ. Сондықтан бұл жұмысты жандандыратын кез жетті деп ойлаймын, - дейді Новопокровка ауылының тұрғыны, әдебиет зерттеушісі Әбілсерік Әлиәкбар.

Жалпы, Тәуелсіздік жылдарында аудандағы 5 ауылға Ақши, Жарбұлақ, Құнарлы, Қарағайлы, Жақсылық деген тарихи атаулары қайтарылған. Алайда соңғы жылдары бұл жұмыс бәсеңдеп қалған.

Ауылдарға атау беру үшін тұрғындар тарапынан ұсыныс болуы керек. Әзірге мұндай ұсыныс жоқ. Алайда өңірдегі идеологиялық тұрғыдан ескірген көше атаулары біртіндеп ауыстырылып жатыр. Өткен жылы ауданда 9 көшенің аты өзгертілді. Биыл Дмитриевка ауылындағы Киров көшесін Жібек жолы, Ленин көшесін Абай көшесі деп қайта атау үшін тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Бородулиха аудандық Мәдениет үйіне белгілі дәстүрлі әнші Мәдениет Ешекеевтың есімін беруді жоспарлап отырмыз, - дейді Бородулиха ауданы әкімінің орынбасары Нұргүл Жақсылықова.

Өзгелердің жаңалығы