Бүгін, 7 ақпанда Қазақстанның бірқатар өңірінде қолайсыз ауа райына байланысты дауылды ескерту жарияланды. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ескерту Астана, Алматы, Шымкент қалаларына, сондай-ақ 16 облысқа қатысты. Синоптиктердің болжамынша, ел аумағында қар, боран, көктайғақ, тұман және қатты жел күтіледі.
Солтүстік және орталық өңірлерде (Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Ұлытау) қар жауып, боран соғады, жолдарда көктайғақ болады. Желдің екпіні кей жерлерде 15-20 м/с, кей аймақтарда 25-28 м/с-ке дейін жетуі мүмкін.
Шығыс және Абай облыстарында қалың қар, боран және көктайғақ күтіледі. Өскемен мен Семейде жел күшейіп, көріну қашықтығы төмендейді.
Оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде (Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан облыстары) жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын, тұман және көктайғақ болжануда. Таулы аймақтарда желдің екпіні 20-25 м/с-ке дейін күшеюі мүмкін.
Батыс өңірлерде (Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе) тұман мен қатты жел күтіледі.
Астана қаласында түнде қар жауып, боран соғады, жолдарда көктайғақ болады.
Алматыда көктайғақ пен тұман күтіледі.
Мамандар тұрғындарды жолға шыққанда сақ болуға, ал алыс сапарларды ауа райы тұрақталғанға дейін кейінге қалдыруға кеңес береді.