2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы салыстырмалы түрде тұрақты өсім көрсетті. Бұл туралы экономист Бауыржан Ысқақ мәлімдеді. Сондай-ақ сарапшы 2026 жылға болжамын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Спикердің айтуынша, жыл ішінде өндіріс, инвестиция, құрылыс және қызмет көрсету салаларында айтарлықтай белсенділік байқалған.
2025 жыл Қазақстан үшін қандай болады?
Жалпы 2025 жылдың қорытындысына қарайтын болсақ, Қазақстан экономикасы салыстырмалы түрде тұрақты өсім көрсетті. Өндіріс, инвестиция, құрылыс пен қызмет көрсетудегі белсенділіктер болды. Бірқатар халықаралық институт келесі жылы да өсімнің жалғасатынын айтып отыр. Шамамен экономикалық өсім 4,5-5 пайыз деңгейінде болады деп болжанып отыр, – деді экономист.
Инфляция деңгейі әлі де жоғары болып отыр. Бауыржан Ысқақтың айтуынша, 2025 жылы инфляция 12-13 пайыз деңгейінде қалыптасуы мүмкін, ал 2026 жылы бұл көрсеткіш одан әрі өсуі ықтимал.
Инфляция әлі де жоғары. 2025 жылы 12-13 пайыз, ал 2026 жылы салыстырмалы түрде жоғары деңгейде, яғни 14-15 пайызға дейін жетуі мүмкін, – деді ол.
2026 жылға болжам қандай?
Экономист республикалық бюджеттің жағдайына да тоқталды. Оның айтуынша, 2026 жылы бюджет түсімдері мен тапшылық бойынша белгілі бір оң өзгерістер күтіледі.
2026 жылы республикалық бюджет түсімдері жоспар бойынша 23 триллион теңге деңгейінде болуы керек. Ал бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімнің 2-2,5 пайызы шамасына дейін төмендейді деп есептеліп отыр, – деді Бауыржан Ысқақ.
2026 жылға арналған макроэкономикалық болжамдарға сәйкес, экономикалық өсім қарқыны сақталады, алайда алдыңғы жылдармен салыстырғанда баяуырақ болуы мүмкін.
2026 жылға негізгі макроэкономикалық болжамдарға келетін болсақ, жалпы ішкі өнімнің өсуін Үкімет пен кейбір сарапшылар 4,5-5 пайыз деп болжап отыр. Басқа бағамдар бойынша да өсім 4,5 пайызға дейін болуы ықтимал. Салық реформасының әсерін, сыртқы нарықтағы мұнай бағасын және инфляция динамикасын ескерсек, экономикалық өсім ең төменгі тарихи деңгейге түспейді, бірақ бұрынғы жылдардағыдай жедел қарқын болмауы мүмкін, – деді ол.
Валюта бағамына қатысты болжамдарға тоқталған экономист доллар бағамының өсу қаупі сақталып отырғанын атап өтті.
Доллар қанша болады?
Сарапшылар мен бюджет жобасында көрсетілгендей, 2026 жылы доллар бағамы орташа есеппен 545-550, тіпті 552 теңге шамасында болуы мүмкін. Басқа да болжамдар теңгенің әлсіреуі ықтимал екенін айтады, яғни 600 теңгеге дейін жетуі мүмкін деген пікірлер бар. Қысқа мерзімде, жылдың басында курс белгілі бір тұрақтану кезеңін көрсеткенімен, келесі тоқсандарда доллар бағамының қайта қымбаттауы әбден мүмкін, – деді Бауыржан Ысқақ.
Мұнай қанша болады?
Мұнай бағасына келетін болсақ, Қазақстан экономикасы алдағы жылы да шикізат нарығындағы жағдайға тәуелді болып қала береді.
2026 жылы шикізат нарығында біз мұнай бағасына тәуелді бола береміз. Кейбір халықаралық институттар мұнайдың баррель бағасы 60-65 долларға дейін төмендеуі мүмкін деп отыр. Brent маркалы мұнайдың бұл бағасы Қазақстан бюджетінің экспорттық түсімдері үшін құрылымдық тұрғыда жеткілікті, бірақ жоғары кіріс деңгейін қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз, – деді экономист.
Сондай-ақ ол жаңа Салық кодексіндегі өзгерістерге тоқталды. Экономистің айтуынша, бұл өзгерістер бизнестің әкімшілік жүктемесін азайтуға бағытталған.
Жаңа Салық кодексіне сәйкес, 1 қаңтардан бастап салық есептілігінің көлемі қысқарады, салықтардың саны азаяды, жеңілдіктер оңтайландырылады. Жер, мүлік, көлік және экологиялық төлемдерде өзгерістер болады. Бұл кодекс салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге, инвестициялық климатты жақсартуға және өндірістік белсенділікті арттыруға бағытталады, – деді ол.
Экономист бұл реформалардан бірқатар нақты нәтижелер күтілетінін атап өтті.
Біз бұдан бизнестің тіркеу және есептілікке жұмсайтын күшінің жеңілдеуін, шағын және орта бизнеске қолдаудың күшеюін, мемлекеттік бюджет кірістерінің базасының кеңеюін күтеміз, – деді Бауыржан Ысқақ.
Ол сөз соңында экономикалық болжамдардың жүзеге асуы мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысына байланысты екенін атап өтті.
Барлығы да мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан құрылымдық реформалардың нәтижелілігіне, Үкімет пен Ұлттық банктің бірлескен жұмысына тікелей байланысты, – деп түйіндеді экономист.