«Болашақ» шәкіртақысы жаңа оқу жылына дейін өзгеруі мүмкін 

«Болашақ» бағдарламасы бойынша шәкіртақыны арттыру мәселесі қаралып жатыр. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті.

 ©BAQ.KZ архиві Бүгiн 2026, 13:19
Бүгiн 2026, 13:19
105
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, «Болашақ» бағдарламасы бойынша шәкіртақы мөлшерін қайта қарау қажеттілігі бұрыннан туындаған, өйткені төлемдер 15 жылдан астам уақыт бойы индексацияланбаған.

Шәкіртақыны арттыру мәселесі пісіп-жетілді. 15 жылдан астам уақыт бұрын мен “Болашақ” бағдарламасын басқардым және индексацияны соңғы рет сол кезде ескерген едім. Ол кезде Лондон, Нью-Йорк сияқты ірі қалаларда өмір сүру құны өте жоғары болғандықтан, шәкіртақы мөлшерін арттырдық. Содан бері шәкіртақы қайта қаралған жоқ. Сондықтан біз арнайы зерттеулер жүргіздік, осы қалалардағы тұтыну қоржынының қаншалықты өскенін, инфляция деңгейін қарадық. Қазір көп жағдайда бұл шәкіртақы жеткіліксіз, стипендиаттар қосымша жұмыс істеуге мәжбүр, бұл білім сапасына әсер етеді. Сонымен қатар шәкіртақыдан айыру жағдайлары және өзге де мәселелер туындап жатыр, – деп түсіндірді Саясат Нұрбек.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта министрлік шәкіртақыны арттырудың ықтимал тетіктерін қарастырып жатыр, алайда түпкілікті шешім әлі қабылданбаған.

Қазір бұл мәселені пысықтап жатырмыз, нақты шешім әлі жоқ. Бұл не республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлуді, не Халықаралық бағдарламалар орталығының ішкі бюджетін оңтайландыруды талап етеді. Мысалы, шәкіртақылар санын қысқарту арқылы үнемделген қаражаттың бір бөлігін ай сайынғы төлемдерді арттыруға бағыттауға болады. Жыл соңына дейін бұл мәселені шешеміз деп жоспарлап отырмыз. Жаңа оқу жылына дейін нақты шешім табуға тырысамыз, – деді министр.

Министрдің сөзінше, жалпы шәкіртақылар саны қазірдің өзінде қысқартылып жатыр. Соңғы үш жылда «Болашақ» бағдарламасы атом энергетикасы, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік сияқты тар бағыттарға басымдық бере бастаған.

“Болашақ” бағдарламасы трансформацияланып жатыр, – деді Саясат Нұрбек.

Еске салсақ, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ғылым, стартап және өндіріс бір жүйеге бірігетінін айтып, жаңа модельді таныстырды. 

Қазақстан Global Innovation Index рейтингінде 81-орында, ал Economic Complexity Index бойынша 55-орында тұр. Саясат Нұрбек жүйедегі негізгі проблемаларды атады.

Сонымен қатар, министр Қазақстанда жасалған рак дәрісінің құнын атады. Ол аталған препараттың негізгі компоненттері қолжетімді әрі арзан екенін айтты.

Министр кей мамандықтарды қысқа мерзімде оқытуды бастағанын да жеткізді. Сапасыз университеттерді жаппай жауып жатқандарын да айтты. 

 

Наверх