Соңғы аптада «Болашақ» білім беру бағдарламасының төңірегінде дау-дамай туындағаны жасарын емес. Сенат депутаты Андрей Лукин сауалында бағдарламаны сынап, оны жүзеге асыруда мыңдаған заң бұзу анықталғанын, стипендиаттардың еңбек қызметін бақылаудың және оларды оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын өтеудің тиімді тетігі жоқтығын айтты. Шын мәнінде бұл рас па, не болып жатыр?
Тengrinews.kz сайтына бағдарламаға қатысты өзекті сауалдарға Bolashaq бағдарламасының әкімшісі болып табылатын Халықаралық бағдарламалар орталығынның басшысы Әлия Оспанова жауап береді.
«Болашақ» бағдарламасы пайда болған кезеңнен бастап, осы уақыт ішінде қанша қазақстандық білім алды?
«Болашақ» стипендиясы 1993 жылы 5 қарашада бекітілді. Бағдарлама басталғаннан бері 15 871 шәкіртақы тағайындалды.
Бағдарламаның мақсаты – ел экономикасының басым секторлары үшін кадрлар мен мамандар даярлау. Бағдарлама академиялық оқуды (магистратура, докторантура) және әлемнің жетекші компаниялары мен университеттерінде ғылыми-өндірістік тағылымдамадан өтуді қамтиды.
Сонымен қатар, мемлекеттің сапалы кадрлық резервін құру.
Олардың қаншасы өз міндеттерін орындап, Қазақстанға оралды?
Жалпы санның, яғни 15 871 түлектің бүгінде сенатор Лукин сілтеме жасаған (депутаттық сауалында – автордың ескертпесі) 268-і өкінішке орай елге оралмаған.
Енді олар ақшаны мемлекетке қайтару керек пе?
Әрине, барлық стипендиат қаржыны мемлекетке қайтаруға міндетті. Шәкіртақы ережесіне сәйкес, студент қайтып оралды ма, оқуды бітіре алды ма немесе университетті бітіре алмады ма, мемлекет қаражаты арнайы келісіммен қорғалады. Яғни әу баста студенттер орталықта жылжымайтын мүліктерін кепілге қояды. Студенттер елге оралмаса, біз сотқа арыз беріп, сол арқылы жұмсалған қаржыны мемлекетке қайтаруға құқылымыз.
Елге қанша қаржы қайтарылды?
Тек 2023 жылдың өзінде мемлекеттік бюджетке 1 579 864 659,54 (1 млрд 579 млн) теңге қаражат қайтарылды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде келесі жылдың өзінде мемлекеттік бюджетке 1 135 299 418,89 (1 млрд 135 млн теңге) қаражат қайтарылады деп жоспарлап отырмыз. Басқаша айтқанда, аталған 268 көрсеткіш іс жүзінде «Болашақ» стипендиаттарының жалпы санының 2%-дан азын құрайды. Қалай десек те, осындай оңаша жағдайлар болса да, студенттер елге оралмаған кезде, жұмсалған қаржыны мемлекетке қайтарамыз.
Ақшаны елге кері қайтару қалай жүзеге асады?
Бұл жерде мынаны түсіну маңызды. Біріншіден, Халықаралық бағдарламалар орталығы осы процесте бағдарлама әкімшісі ретінде әрекет етеді. Біздің басты міндетіміз – стипендиаттың құжаттарын қабылдау және ол көрсетілген критерийлерге сәйкес келетінін анықтау, бірақ орталықтың стипендия беру немесе бас тарту туралы шешім қабылдауға құқығы жоқ. Шешім қабылдау тәуелсіз ведомствоаралық орган болып табылатын Ұлттық республикалық комиссияға жүктеледі. Орталық та, Ғылым және жоғары білім министрлігі де үміткерлерді іріктеуге де, шәкіртақыдан айыру процесіне де әсер ете алмайтынын атап өту өте маңызды.
Не үшін, яғни қандай олқылық үшін стипендиядан айырылып қалады?
Шәкіртақы әртүрлі себептермен қайтарып алынады: бірінші – стипендиат жақсы оқымай, оқудан шығарылса, екіншісі – стипендиаттың өзі бас тартқанда, мысалы, Гарвардқа оқуға түсті делік, біздің бүкіл процесімізден өтті, республикалық комиссия оң шешім шығарды, стипендиат болды. Бірақ кенеттен, бірнеше айдың ішінде ол өз бетінше басқа грант ұтып алады. Гарвардта оқу үшін Нұрлан Қаппаров атындағы қордың белгілі гранты немесе университеттің өз гранты бар. Стипендиат бізге келіп, шәкіртақыдан бас тартуды сұрайды. Шәкіртақыдан айыру тізімін жасап, Ұлттық республикалық комиссияға жібереміз, әрбір іс жеке қаралып, талданады, содан кейін тиісті шешім қабылданады.
Бағдарлама бойынша барлық міндетін орындаған адам саны қанша?
Стипендия алғандардың 98%-ға жуығы елге оралып, туған жерінің игілігі үшін еңбек етіп жатыр. Қарап отырсақ, статистика өте жақсы. Бағдарлама бойынша 9527 түлек келісімшарттық міндеттемелерін толық орындады. 2987 адам еңбек мониторингінде, олар қазіргі уақытта ел аумағында өз міндеттерін атқарып жатыр. 91 түлек декреттік демалысқа немесе емделуге байланысты еңбек шарты бойынша міндеттемелерін орындауды кейінге қалдырды.
Бағдарлама аяқталмай тұрып кепілге қойылған жылжымайтын мүлікті сатып жіберуге бола ма?
Кепілді өзгерту тәртібі бар. Мысалы, студент бастапқыда анасының пәтерін кепілге қойған, бірақ кейін өзі пәтер сатып алып, мүлікке қойылған ауырпалықты ауыстыруды өтінеді. Бұл жерде Орталықтың тиісті құжаттары болмаған жағдайда жылжымайтын мүлікке ауыртпалықты алып тастауға құқығы жоқ екенін түсіну маңызды.
Бағдарлама түлектерінің Қазақстандағы еңбек нарығының нақты талаптарына сай келмейтін мамандықтар бойынша білім алуы қалай?
Шын мәнінде, 1993 жылы бағдарлама жасалғаннан бері білім салаларына нақты басымдық талаптары болған жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2022 жылғы халыққа Жолдауында бағдарламаның векторын өзгертіп, медицина және инженерлік кадрларды даярлауға басымдық берді, олар үшін арнайы квота бөлдік. Халықаралық бағдарламалар орталығы жеңілдетілген санаттар тізімін жасап, оған медицина, техника және технология саласындағы мамандар мен ауылдан келген үміткерлер кіреді. Жоғарыда аталған санаттағы үміткерлер тілді жеткілікті деңгейде меңгермесе, біз олардың ағылшын тілін оқуын қамтамасыз етеміз.
Менің ойымша, біз бүгінде бағдарламамызды өзгертудің нәтижесін көріп отырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасымен енгізілген жаңалықтардың бірі – облысымызда баламасы жоқ «500 ғалым» бағдарламасы болды. Бағдарламаның алғашқы стипендиаттары елге оралды, енді облыс бойынша әртараптандыруға баса назар аудара отырып, биыл жұмысқа қабылдап жатырмыз. Ғалымдардың әлемнің үздік ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өткеннен кейін көрсетіп отырған нәтижелері еңбек нарығының сұранысын қанағаттандыру мүмкіндігін растайды деп ойлаймын.
Мамандығы бойынша жұмысқа орналасқандардың пайызы қанша?
Бұл да өте маңызды сұрақ. Өйткені стипендиаттар мамандығы бойынша жұмыс істемесе, олардың жұмыс өтеуін қабылдай алмаймыз. Біздің міндетіміз нормативтік құқықтық актілерге және стипендиатпен жасалған келісімге сәйкес, елде ол мамандығы бойынша жұмыс істеуі керек. Яғни, міндеттерін атқарып жүрген стипендиаттардың барлығы да мамандығы бойынша жұмыс істейді.
Елімізде еңбек етіп жүрген болашақтықтардың жарқын мысалдарын атай аласыз ба?
Бағдарлама қарапайым отбасылардан шыққан мыңдаған стипендиаттар әлемнің үздік университеттерінде білім алуға мүмкіндік алды, еліміздің қалалары мен елді мекендеріне келіп жұмыс істеп жатыр. Болашақтықтардың көптеген жарқын мысалдары бар, өкінішке қарай, біз олар туралы көп айта бермейміз. Мәселен, кардиохирург-дәрігер Бауыржан Рақышев бұған дейін 5 мыңға жуық жүрекке бірегей ота жасаған. Бұрын азаматтарымызды шетел емханаларына жіберуге мемлекет миллиардтаған доллар жұмсаса, қазір түлектеріміздің көмегімен оларды Қазақстанда емдеуге болады.
Тағы бір мысал, геолог Сезім Мұстапаева АҚШ-тағы әлемнің үздік университеттерінің бірі Джон Хопкинсте ғылыми тағылымдамадан өткен. Қазақстанға оралған ол Орталық Қазақстандағы барлау экспедицияларына қатысуын жалғастыруда. Дәрігер Медет Маханбет құлаққа бірегей ота жасайды. Мұндай операциялар әлемнің 5 елінде ғана жасалады. Медеттің арқасында Қазақстан осындай операцияларды жасай алатын алтыншы ел болды. Әртүрлі бағыттағы мұндай мысалдарды мыңдап келтіруге болады.
Бағдарлама студенттер үшін көші-қон құралына айналды деп ойламайсыз ба?
Менің ойымша, біз үшін сандарға мән беру маңызды. Егер 12,5 мың стипендиаттың 9,5 мыңы келіп, міндеттерін орындап, Қазақстанда жұмыс істеп жатса, 3 мыңы бақылауда болып, елде жұмыс істеп жатса, қайтып оралғандардың қатары көп екенін көреміз. Бұл біздің ең үлкен артықшылығымыз. Бұл жерде Бағдарлама көші-қон немесе еңбек туризміне айналып кетті деген шындыққа жанаспайды. Біз әріптестеріміздің келуін де, кетуін де қадағалаймыз.
Қазақстанда шетелдік жетекші университеттердің филиалдары ашыла бастағанда «Болашақ» бағдарламасының мәні бар ма?
Әрине, шетелдік университеттердің филиалдарының ашылуы жоғары білім тарихындағы маңызды кезең. Бірақ сапалы зертханалар құру үшін уақыт керек. Ал қазір шетелде оқитын студенттер Қазақстан Республикасының аумағында жаңадан құрылған филиалдарда жұмыс істеп, ғылыми зерттеулер жүргізе алатын адами капитал болып табылады.
Екінші жағынан, халықаралық тәжірибені зерттесеңіз, білім беру жүйесі дамыған елдерде шетелде білім алуға, тәжірибе алмасуға үнемі қаржы бөлінеді. Неліктен халықаралық тәжірибе маңызды? Өйткені өнеркәсіптік төңкеріс дәуірінде дүние жүзіндегі әрбір дамыған ел үшін шетелде білім алған, қажетті ақпаратты өз көзімен білетін адам ресурстарының болуы маңызды.