Болашағымыздың кепілі ретінде мұғалім мәртебесі қарастырылу керек – Саиров

4 Қазан 2019, 13:08
2022
Бөлісу:
Болашағымыздың кепілі ретінде мұғалім мәртебесі қарастырылу керек – Саиров

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында педагогиканың жаңа рөлін қалыптастырудың негізгі белгілері айтылды. Бұл туралы саясаттанушы Ерлан Саиров «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы: мұғалімнің әлеуметтік рөлін арттыру аспектісі» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде мәлімдеді.

«Қазақстан халқына Жолдауында «Мұғалімнің әлеуметтік мәртебесін көтеру – мемлекеттің ең негізгі басымдықтарының бірі» деп атап өтті. Бүгінде әлемнің технологиялық болмысы өзгеріп келе жатыр. Тарихтың толқынында қалу үшін уақыттың алдында жүру керек. Адам капиталын дамытып, болашақ болмысына сәйкестендіру – мұғалімнің ең негізгі мәселесі. Бүгінде болашағымыздың кепілі ретінде мұғалім мәртебесі қарастырылу керек. Мұғалімнің әлеуметтік болмысын, интеллектуалдық деңгейі мен материалдық қамсыздандыру өте өзекті. Мұғалімдермен үш аспект бойынша жан-жақты ақылдасу мәселесі, мұғалім мәртебесін анықтау Астанада ғана емес, бүкіл Қазақстанда өтеді», - деді Саиров.

Ол Жолдауда педагогиканың жаңа рөлін қалыптастырудың негізгі белгілері айтылғанын атап өтті.

«Мемлекет қаржылық және ұйымдастыру бөлігіне инвестиция бөледі. Келесі жылдан бастап мұғалімдердің айлығы 25% артады. Осылайша 4 жылда олардың жалақысы екі есе көтерілетін болады. Екі есе көлемде үстемақы сынып жетекшілікке беріледі. Еңбек демалысының мерзімі 56 күнге дейін артады. Мұның бәрі мұғалім келбетіне жағымды әсер етеді деп ойлаймын. Мұғалімдердің мәртебесін қарастырған кезде мұғалімнің бет-әлпеті, мұғалімнің моральдық жағдайы мұғалімнің өзінің таңертеңнен кешке дейін мектепте өзін қалай ұстайды және өзін қалай сезінетініне байланысты», - деді саясаттанушы.

Ол мұғалімдерді функциясына сәйкес емес жұмысқа жегу, сенбілікке шығару, сайлау кезінде жұмысқа жегіп қою мәселесінің барлығын президенттің өзі де қарастырып жатқанын айта кетті.

«Менің ойымша, мұғалім еркін болу керек. Еркін болған кезде оқушы, жеткіншек ұрпақ өздерін еркін сезініп, Қазақстанға ғана емес, дүниежүзілік игілікке үлесін қосатын азамат болып тәрбиеленеді. Егер біз өзіміздің балаларымызды Қазақстанның ғана емес, дүниежүзінің ғылымына, іліміне әсер етіп, көмектесіп соған ықпал жасайтын тұлғаны тәрбиелемесек, тарихтан қалып қоярымыз шындық», - деп сөзін түйіндеді Саиров.

Өзгелердің жаңалығы