Боксшылар елге оралды

27 Наурыз 2023, 22:24
998
Бөлісу:
Боксшылар елге оралды
Фото: baq.kz

Бүгін бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы Делидегі әлем чемпионатынан елге оралды, деп хабарлайды BAQ.KZ Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы әуежайынан спортшылар мен Шәміл Сафиуллин бастаған бапкерлер қосынын жанкүйерлер, боксшылардың туған-туыстары мен достары, қаладағы спорт мектептерінің шәкірттері және БАҚ өкілдері қарсы алды.

Айта кетейік, біздің Ұлттық құрама Үндістанда 6 жүлдеге (2 күміс пен 4 қола) қол жеткізіп, жалпы есепте 8-орынға тұрақтады. Аса ауыр салмақтағы (+81 кг) Лəззат Күнгейбаева мен Карина Ибрагимова (57 кг) финалда қарсыласына жол берді. Ал Алуа Балқыбекова (48 кг), Надежда Рябец (66 кг), Валентина Хальзова (75 кг) мен Фариза Шолтай (81 кг) өз салмағында үздік үштікті түйіндеді. Әйелдер құрамасы әлем чемпионатында осыған дейін мұнша медаль жеңіп алмаған еді.

Былтыр Ыстамбұлдағы әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған Алуа Балқыбекова журналистерге берген сұхбатында алдағы жарыстарға мықтап дайындалатынын айтты.

Боксшылар елге оралды

Бір жыл бұрын Түркияда өткен чемпионатта күміс жүлдегер атанғанмын. Осы жолы Үндістанда қола медаль бұйырды. Көбі бұрыннан қолғап түйістіріп жүрген таныс қарсыластар. Жартылай финалда үндістандық боксшымен кездестім. Өте тартысты кездесу болды. Өкінішке қарай, төрешілердің шешімімен қарсыласым финалға шықты. Алдағы уақытта елімізде 4 жыла бір келетін жазғы Спартакиада өтеді. Одан бөлек, Азия ойындары келе жатыр. Енді осы жарыстарға дайындаламыз, - деді Алуа Балқыбекова.

Үндістанда 4 жекпе-жек өткізіп, үшеуінде ұтқан Надежда Рябец бапкерлеріне алғыс айтты.

Әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алу – мен үшін жақсы көрсеткіш. Бокспен айналысып жүргеніме 12 жыл болды. Қазір жасым 22-де. Үндістанда 4 жекпе-жек өткізіп, үшеуінде ұттым. Барлық кездесу қиын өтті. Осал қарсылас болған жоқ. Жартылай финалда сәл сәттілік жетіспеді. Бапкерлеріме рахмет айтамын, - деп айтты Надежда Рябец.

Боксшылар елге оралды

 

Өзгелердің жаңалығы