Боксшы қыздар Алматыға оралды

27 Наурыз 2023, 17:20
1082
Бөлісу:
Боксшы қыздар Алматыға оралды
Фото: автордан

Бокстан әлем чемпионатының жүлдегерлері Алматыға ұшып келді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Нью-Делиде өткен бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатында ел намысын қорғап, жүлделі орындарға ие болған қазақстандық спортшылар Алматы қаласына қайтып келді. Спортшы қыздарды жанкүйерлері, туыстары мен достары Алматы әуежайында жылы қарсы алды.

Боксшы қыздар Алматыға оралды

Өткен жылы Түркияда өткен чемпионатында күміс жүлдегер атанғанмын. Осы жолы Үндістанда қола жүлде бұйырды. Жалпы жарыста бұрын да қолғап түйістіріп жүрген таныс қарсыластар болды. Жартылай финалда үндістандық қызбен кездестім. Онымен күресіп те, бір-бірімізді лақтырып та, бокстасып та үлгердік. Тартысты кездесу болды. Бірақ өкінішке орай, төрешілердің шешімі қарсыласымның пайдасына шешілді. Алдағы уақытта елімізде Спартакиада өтеді. Ол 4 жылда бір рет болады. Енді осы жарысқа дайындаламыз, - деді әлем чемпионатының қола жүлдегері Алуа Балқыбекова.

Боксшы қыздар Алматыға оралды

Айта кеткен жөн, Үндістан астанасы Нью-Делиде өткен әлем чемпионатының қорытындысы бойынша біздің спортшылар 2 күміс пен 4 қола жүлде жеңіп алды.

Атап айтқанда, құрама қоржынына күміс жүлдені Лəззат Күнгейбаева (+81) мен Карина Ибрагимова (57 келі) әкелсе, 48 келі салмақта Алуа Балқыбекова, сондай-ақ Валентина Хальзова (75 келі), Надежда Рябец (66 келі) және Фариза Шолтай (81 келі) қола медаль иеленді.

Боксшы қыздар Алматыға оралды

Жалпы бұл нәтижеге көңілім толады. Құрамамыз 6 медаль жеңіп алды. Десе де әлі тынбай жұмыс істеуіміз керек. Алда Азия ойындары келе жатыр. Ол сында біздің боксшылар барынша көбірек Олимпиада жолдамасына қол жеткізуі қажет - деп айтты Қазақстан бокс федерациясының Атқарушы директоры Маратбек Мықтыбеков.    

Жалпы есепте жарыс қожайыны Үндістан 4 алтынмен көш бастаса, Қытай 2-орында (3 алтын, 1 күміс, 3 қола). Үздік үштікті Ресей түйіндеді (1/1/1). Ал Қазақстан құрамасы 8-орынға жайғасты.

Өзгелердің жаңалығы