Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. CPC Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығына құны 20 млн тұратын ұшқышсыз ұшу аппаратын тарту етті. Ұшу аппараты Ақмола облысы Қабанбай ауылына жақын маңайда сынақтан өткізілді.
Бұл құрылғы Қазақстан даласын мекендейтін киіктердің тыныс-тіршілігін бақылап, тиісінше мониторинг жасап отыру мүмкіндіктерін көбейтеді. Браконьерлердің жолын кесуге де көмектесетіні сөзсіз.
Қымбат құрылғыны Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығына тапсыру рәсіміне еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев қатысты.
«Каспий құбыр консарциумының ұжымына осы қолдауы үшін зор алғыс білдіремін. Бүгінгі таңда биоалуантүрлілікті сақтау, ақбөкендерді қорғау сынды жұмыстар елімізде өте өзекті. Осы жұмыстарды жүзеге асыруға заманауи озық технологияларды пайдаланудың тиімділігі өте жоғары. Заңсыз аң аулаушылармен күрес жұмыстарын жүргізуде де бұл аппараттың көмегі орасан деп ойлаймын», - деді экология, геология және табиғи ресурстар министрі.
Каспий құбыр консорциумы еліміздегі экологиялық проблемаларды шешуге және оңтайландыруға қолдау көрсетіп келе жатыр. Осы мақсатқа соңғы үш жылда 60 млн теңге жұмсапты. Айта кетсек, 2016 жылы ақбөкендердің санын, көші-қонын спутниктен бақылап отыратын арнайы қарғыбау алып берген. Бұл жолғы ұшқышсыз ұшатын аппарат та «Киелі киік» бірлескен бағдарламасы аясында консорциумның қаражатына сатып алынды.
Каспий құбыр консорциумы АҚ бас директорының орынбасары Қайыргелді Қабылдин алдағы уақытта мұндай қолдаулар жалғасын таба беретінін айтты.
Киіктер популяциясының есебі Қазақстанда әуеден бақылау арқылы жүргізіледі. Әуе техникасын жалдау мен қолдану қымбат болғандықтан, кейбір өңірлерде жүйелі күзету және киіктердің мониторингісін қосымша жүргізу қиынға соғатын. Жаңа аппараттар қолданысқа берілгеннен кейін жануарлар туралы дерек жиналатын аумақтың шекарасы кеңейіп, олардың тыныс-тіршілігін зерттеу әдістері көбейді.
Supercam S350 сағатына 140-150 шақырым жылдамдықпен ұшады. Осы класстағы ең техникалық сипаттамасы жетілген құрылғы саналатын ол тоқтамай 4-5 сағат бойы қалықтап, жердегі түрлі өзгерістерді, жан-жануарларды, өзен-көлдерді фото мен видеоға түсіріп, тіркелген материалдарды тиісті мамандардың компьютеріне жолдайды.