"Блогерлер онлайн лотерея ойнатып жүр". Коучтар қалай жазаланады?

28 Наурыз 2025, 17:25
590
Бөлісу:
"Блогерлер онлайн лотерея ойнатып жүр". Коучтар қалай жазаланады?
Фото: Үкімет баспасөз қызметі

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин әлеуметтік желілердегі заңсыз лотереялар мен ұтыс ойындарын бақылауды күшейтуге қатысты депутаттардың сауалына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еске салсақ, бұған дейін Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров әлеуметтік желілерде заңсыз лотерея ойнату жиілеп кеткенін айтып, шағымданған болатын.

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде коуч-инфлюенсер деп аталатын онлайн лотерея ұйымдастырушылардың заңсыз әрекеттері жиілеп кетті. Олар билеттер мен түбіртектерді сатады, туристік пакеттерді, құрал-жабдықтарды, зергерлік бұйымдарды, сәнді тауарларды, жылжымайтын мүліктерді және автокөліктерді сатамыз деген желеумен заңсыз лотерея ойындарын өткізеді. Әдеттегідей, мұндай сыйлықтар, яғни күмәнді жарнамалар заңсыз, - деген еді ол.

Серік Жұманғариннің ресми жауабына сәйкес, халық пен блогерлерге заң талаптарын сақтау қажеттігі туралы ақпарат беру мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл шаралар “Заң және тәртіп” медиа-жоспары аясында жүзеге асырылып, заңсыз лотереялар, жалған тренингтер және күмәнді акцияларды болдырмауға бағытталған.

Мәдениет және ақпарат министрлігі Instagram, TikTok және Meta әлеуметтік желілерімен бірлесе отырып, ақпараттық алаңды таза ұстау және алаяқтық схемалардың алдын алу бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Сонымен қатар интернет кеңістігі тәулік бойы бақыланып, заң бұзушылықтар анықталған жағдайда жедел шаралар қабылданады, - делінген Жұманғариннің ресми жауабында.

Жыл басынан бері интернеттегі алаяқтықтың 1 870 дерегі тіркелді, оның ішінде әлеуметтік желілерде – 389. 1 480 сайт пен сілтемеге қолжетімділік шектелді. Интернет-казиноға қатысты 8 616 заң бұзушылық анықталды, оның ішінде 6 399 жағдай әлеуметтік желілерде тіркелген, 2 195 интернет-ресурс бұғатталды.

Заң бойынша инфлюенсер (блогер) – бұл коммерциялық мақсатта ақпарат тарататын интернет-платформа пайдаланушысы. Қазақстан аумағында инфлюенсерлер заң талаптарын сақтауға міндетті. “Лотереялар және лотерея қызметі туралы” заңға сәйкес, Қазақстанда тек ресми операторлар ғана лотерея ұйымдастыра алады. Лицензиясыз лотереялар мен олардың жарнамасына тыйым салынады. Сонымен қатар букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар лицензия негізінде 10 жыл мерзімге жұмыс істей алады, - деп жауап берді Үкімет мүшесі депутаттың сауалына. 

Әлеуметтік желілердегі заңсыз ұтыстар қалай бақыланады?

Қазіргі таңда Қазақстандағы ресми лотерея операторы – «Сәтті Жұлдыз» АҚ, оған 15 жыл мерзімге лотерея өткізу құқығы берілген.

Министрлік БАҚ пен интернет-платформалардағы заң бұзушылықтарды анықтау үшін тұрақты мониторинг жүргізеді. Егер заңсыз лотереялар анықталса, интернет-ресурстардың иелеріне оларды жою туралы ескерту жіберіледі немесе құқық қорғау органдарына материалдар беріледі. 

Заң бұзушыларға қандай шаралар қарастырылған?

2024 жылдың 1 қаңтарынан 2025 жылдың 20 наурызына дейін “Лотереялар және лотерея қызметі туралы” заңның 169 бұзушылығы анықталып, 19 ескерту жіберілді.

Туризм және спорт министрлігі жанындағы Құмар ойындар мен лотереяларды реттеу комитеті заңсыз лотерея ұйымдастырушыларды жауапкершілікке тартады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 445-1-бабына сәйкес, мұндай заң бұзушыларға 100-ден 2000 АЕК (393 200-7 864 000 теңге) көлемінде айыппұл салынып, заңсыз табысы тәркіленеді.

2024 жылдың ақпан айынан бері 113 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 50 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Бұл бағыттағы жұмыс Үкіметтің бақылауында.

Өзгелердің жаңалығы