Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Перизат Қайрат пен Гайни Алашбаеваға қатысты сот процесінде жәбірленуші ретінде танылған блогер және видеограф Олжас Садық өз нұсқасын айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Олжас Садық — Газа секторындағы гуманитарлық дағдарыс кезінде қайырымдылық жасап, 83 миллион теңгеден астам қаржы жинаған азаматтардың бірі. Алайда бұл қаражаттың қайда жұмсалғаны белгісіз күйде қалып отыр.
Аз уақытта халықтан 83 млн теңге жиналған
Садық қайырымдылық науқанын 2023 жылдың қазан айының соңында Instagram желісінде жарияланған бейнеролик арқылы бастаған. Оның досы Назим Мисановпен бірге түсірген видеосын 4 миллионға жуық адам көріп, аз ғана уақыт ішінде жеке Kaspi Gold шотына 83 млн теңгеден астам қаражат түскен.
Алғашқы ойы – қаржыны БҰҰ-ның ЮНИСЕФ ұйымы арқылы жіберу болған. Алайда сол кезде байланысқа шыққан Перизат Қайратпен кездесіп, ол өз қорының Газа халқына гуманитарлық көмек жеткізіп жүргенін айтып сендірген.
Түркиядағы гуманитарлық миссиялардан фотолар көрсетіп, Палестина елшілігімен ресми келісімі барын айтты. Осындай мәліметтер сенім тудырды, – деді Садық.
БАӘ-ге сапар: қымбат қонақ үй мен күмәнді “қайырымдылық”
Қаражат аударылғаннан кейінгі күні-ақ Садық пен Қайрат Абу-Дабиге бірге сапар шеккен. Ол барлық шығынды (ұшу, қонақүй, тамақ) Перизат Қайраттың өзі көтергенін айтты. Олар беделді Rixos қонақүйінде жеке бөлмелерге орналасып, кейін Эмираттық Қызыл Жарты Ай ұйымының гуманитарлық хабына барған. Садық фото және бейнематериалдар түсіргенімен, қайырымдылық қаржысының нақты қалай және қайда жұмсалғаны жөнінде нақты дәлел ала алмаған.
Маған "осы жерде сіздің қаражатыңызға жүк дайындалып жатыр" деді. Бірақ бұған қатысты ешқандай құжат көрсетілген жоқ, – деді ол.
Елге оралғаннан кейін блогер бірнеше мәрте Перизат Қайратпен байланысуға тырысқан. Ол қаражаттың қайда кеткені туралы есеп сұраған, алайда еш жауап ала алмағанын айтады.
Маған ақша аударған ондаған мың адамның алдында жауапкершілік сезіндім. Бірақ бірде-бір құжатты ала алмадым. Бұл қаражаттың бір тиыны да Газа балаларына жұмсалды ма, білмеймін, – деді Садық.
Палестина елшілігі блогер атына шағым түсірген
Садық енді бастапқы ойынан бас тартпай, гуманитарлық көмекті халықаралық ұйымдар арқылы жеткізудің жолдарын қарастырып жатыр.
Егер мүмкіндік болса, жиналған қаржының баламасын халықаралық құрылымдар арқылы діттеген жерге жеткізгім келеді. Бұл — маған сенген халықтың аманаты, – деді ол.
Садықтың айтуынша, осы істің аясында Палестина елшілігі тарапынан оның атына шағым түскен, бірақ бұл іс кейін дәлелдің болмауына байланысты тоқтатылған.
Тергеу барысында елшілік бұл істе жәбірленуші тарап емес екені анықталды. Себебі, олар маған ешқандай қаражат аудармаған. Барлық ақша – Қазақстан азаматтарының өз еркімен аударған қаражаты, – деп түсіндірді ол.
Қазір Олжас Садық аталған қылмыстық іс шеңберінде азаматтық талап арыз бергенін және оны толықтай қолдайтынын мәлімдеді.
Еске салсақ, қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде екі адам, яғни Перизат Қайрат пен оның анасы танылып отыр. 2025 жылдың 4 сәуірінде Перизат Қайраттың анасы Гайни Алашбаева үй қамаққа алынған болатын.
Тергеу барысында анықталғандай, 2021 жылдан 2024 жылға дейін Перизат Қайрат түрлі қайырымдылық акциялары арқылы жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге көлемінде қаражат жинап, оны өз пайдасына жаратқан. Мұндай қаражаттар негізінен балаларға, су тасқынынан зардап шеккендерге және Палестина халқына көмек көрсету үшін жиналған деп көрсетілген.
Алайда, тергеу барысында бұл қаражаттардың көп бөлігі оның жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде сәнді киімдер, әшекейлер, көліктер мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалғаны анықталды.
Сонымен қатар, ол осы қаражаттарды заңдастыру үшін жалған келісімшарттар жасап, жеке кәсіпкерлермен келісімдер жасаған.
Бұған дейін қайырымдылық қорының құрылтайшысы күдікке ілінгенін, Перизат Қайрат деген кім екені туралы, оның тағы бір заңсыз әрекеті анықталғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, Перизат Қайрат "фактілермен қорғанамын" деп өзіне тағылған айыптарды мойындамады. Перизат Қайрат миллиардтаған ақшаны қалай жұмсағаны да белгілі болды.
Asar-Ume Перизат Қайраттың қорына 200 млн теңге аударған, бірақ есебін алмаған.