БҚО-ға Ресейден жеткізілетін су көлемі екі есе көбейген

2 Желтоқсан 2021, 18:08
885
Бөлісу:
БҚО-ға Ресейден жеткізілетін су көлемі екі есе көбейген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы  Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев мәлімдеді.

Президенттің тапсырмасы бойынша Батыс Қазақстан облысында соңғы 3 жылда 1 млн гектардан астам пайдаланылмайтын ауылшаруашылық жерлері анықталып, оның 57%-ы игеріліп бастаса, 16%-ы мемлекеттік меншікке қайтарылды, ал 27%-ы бойынша қайтару жұмыстары жүргізілуде, -деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның атап өтуінше, бұл жұмыстар мемлекеттің қолдау шараларымен қоса облыстың мал шаруашылығын дамытуға өз үлесін қосып отыр. 

Жыл сайын мал басы өсуде, осы жылдың 10 айында ірі қара мал басы –9,6%, жылқы –12,2%, қой мен ешкі –1,5% өсті, - деді облыс әкімі өз сөзінде. 

Ғали Есқалиевтің айтуынша, биыл 3 бордақылау алаңы іске қосылып, өңірдегі бордақылау алаңдарының жалпы сыйымдылығы 28 мыңнан 35 мың басқа дейін өскен. 2025 жылға дейін тағы да 20 мың басқа арттыру жоспарлануда.

Сондай- ақ әкім өз мәлімдемесінде, Батыс Қазақстан облысында биыл жалпы егіс көлемі 565 мың гектарды құрағаннын, өкінішке қарай, қуаншылыққа байланысты егін шаруашылығы өнімі өткен жылмен салыстырғанда төмен болып отырғанын түсіндірді. 

Дегенмен облыстың фермерлері егін салуда озық технологиялар мен жоғары өнімді ауыл шаруашылығы техникаларын пайдалануға көшіп жатыр, -дейді ол. 

Оның сөзінше, өңірдегі өзекті мәселенің бірі облыс экономикасы мен ауыл шаруашылығының одан әрі дамуы суға тәуелді болып отыр . Биыл Үкіметтің қолдауы арқасында өңірдің оңтүстік-батыс аудандары үшін Ресейден жеткізілетін су көлемі 2019 жылдан 2 есеге көбейтілген.

Ұзындығы 185,6 шақырым 3 магистраль каналын қайта жаңғырту жұмыстарын бастадық, бұл Жайық өзенінің сол жақ жағалауында 350 мың гектарға дейін жайылымды ауыл шаруашылығы айналымына енгізуге мүмкіндік береді. Бүгінде 65 млн текше метрге Киров су қоймасын қайта жаңғырту жұмыстарын бастадық, сондай-ақ 40 млн текше метрге тағы 2 су қоймасын салуға жобалар дайындалуда. Осы жылы 6 мың гектарға дейін суармалы жерлер енгіземіз, 2026 жылға дейін 50 мың гектарға дейін жеткізетін боламыз, - дейді БҚО әкімі Ғали Нәжімеденұлы.
Өзгелердің жаңалығы