БҚО-дағы өрт ТЖМ тікұшағымен сөндіріліп жатыр

26 Тамыз 2021, 13:30
3150
Бөлісу:
БҚО-дағы өрт ТЖМ тікұшағымен сөндіріліп жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ТЖМ баспасөз қызметі БҚО-дағы өртті сөндіруге «Қазавиақұтқару» тікұшағы жұмылдырылғанын хабарлады.

Тамыз айының басынан бастап Батыс Қазақстан облысының аумағында ауа температурасының +41°-қа дейін жоғарылауы байқалады. Кей жерде төтенше өрт қаупі сақталады.

Осыған байланысты облыс аумағында өрт оқиғалары жиілеп кетті. Өрт сөндірушілер Ақжайық, Бәйтерек және Теректі аудандарында тілсіз жаумен арпалысуда. Өрттің ауданы шамамен 480 га құрайды, оның 90 га орман алқабы болса, 390 га құрғақ шөп, - делінген хабарламада.

БҚО Төтенше жағдайлар департаментінде, сондай-ақ, өрт ошақтарында жедел штаб құрылды.

Жоғарыда аталған өрттерді жоюға БҚО ТЖД бөлімшелерінің, «Өрт сөндіруші» АҚ, «Қазавиақұтқару» АҚ, кенттік округтер мен шаруа қожалықтарының ерікті өрт сөндіру құрылымдары және Ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі инспекцияның күштері мен құралдары қатысты. Өртті әуеден сөндіру үшін «Қазавиақұтқару» тікұшағы жұмылдырылды. Өрт ошақтарына 198 текше метр су құйылды, - деді ТЖМ.

Өрттерде қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің себептері, материалдық шығын анықталуда.

ТЖМ өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттілігін еске салады. Өрт шыққан жағдайда дереу құтқару қызметінің «101» немесе «112» телефондарына қоңырау шалыңыз.

Өзгелердің жаңалығы