Бизнесті қолдау бағдарламалары аясында 68,5 мың жобаға қолдау көрсетілді

24 Тамыз 2021, 17:06
3998
Бөлісу:
Бизнесті қолдау бағдарламалары аясында 68,5 мың жобаға қолдау көрсетілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ОКҚ-да өткен брифингте «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарушы директоры Әлия Ағыбаева қордың биылғы 7 айдағы «Бизнестің жол картасы - 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларының нәтижелері туралы баяндап берді.

Оның сөзінше, «Даму» қоры шағын және орта бизнес нысандарына мемлекет атынан жан-жақты қолдау көрсетіп келеді.

Кәсіпкерлерді қолдау бірнеше бағытта жүзеге асырылады. Оның ішінде, несие мөлшерлемесін субсидиялау, кредиттерге кепілдік беру, банк, микрокредиттік ұйымдар мен лизингтік компаниялар арқылы жеңілдетілген кредиттер беру, клиенттерді оқыту мен жан-жақты қолдау бағыттары бойынша жұмыс істейді, - деді Әлия Ағыбаева.

«Даму» өкілі баяндағандай, «Бизнестің жол картасы - 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары іске қосылғаннан бері олардың аясында 68,5 мың жобаға қолдау көрсетілді. Олар бойынша несиелердің жалпы сомасы 5,3 триллион теңгені құрады. Оның ішінде несие мөлшерлемесін субсидиялау құралы бойынша «БЖК - 2025» және «ҚЗЭ» бағдарламалары шеңберінде 44 мың жобаға қолдау көрсетілді. Олардың жалпы несие сомасы 4,5 триллион теңгені құрады.

Несиелерге кепілдік беру құралы бойынша 24 500 жобаға қолдау көрсетілді, олардың жалпы несие сомасы 747 миллиард теңгеге тең. Биылғы 7 айда бағдаламалардың негізгі көрсеткіштері өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда өсім байқатып отыр. Атап айтсақ, екі бағдарлама аясындағы қолдауға ие болған бизнес нысандарының саны 10 еседен артық өскен. Егер былтыр 7 айда шағын және орта бизнес саласында 2 300 жоба қолдауға ие болса, биыл осы көрсеткіш 25 мыңға тең болды, - деп толықтырды Әлия Ағыбаева.

Оның сөзінше, несиелер сомасы 246 миллиард теңгеден 740 миллиард теңгеге жетті, яғни үш есе өсті.

Өзгелердің жаңалығы