Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен және Үкіметтің «бір терезе» қағидасы аясында кәсіпкерлерге қызмет көрсету мақсатында Тараз қаласында «BIZNESKE ARNALGAN UKIMET» фронт-кеңсе орталығы ашылды.
Жамбыл облысы әкімдігі мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бірлескен жобасымен құрылған орталықта акционерлік қоғам қызметкерлерімен қатар, кәсіпкерлерге екінші деңгейлі банк, прокуратура, ауыл шаруашылығы басқармасы, «Қазақинвест» ұлттық компаниясы мен палата өкілдері қызмет көрсететін болады. Осылайша жоба «бір терезе» қағидаты бойынша барлық мемлекеттік қызметтерді бір жерге шоғырландыруды көздейді.
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың сөзіне қарағанда, бұл орталық өңірдегі бизнесті дамытуды мақсат етеді. Өйткені, аймақта бизнесті дамытуға барлық мүмкіндік бар.
Біз біріншіден шекаралық аймақта орналасқанбыз, екіншіден тоғыз жолдың торабында тұрмыз. Бұл дегеніміз өңір экономикасын көтеруге зор мүмкіндік береді. Біз осы мүмкіндікті пайдалану үшін аймақ кәсіпкерлеріне қолдау көрсетуіміз керек. Енді кәсіпкерлер осында бас сұғып, ақыл-кеңес алып, өз бизнестерін жолға қойып, өңір экономикасының дамуына, халықтың әл-ауқатының артуына үлес қосады деген сенімдемін, - деді ол.
Фронт-кеңсе жұмысымен «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» АҚ-ның басқарма төрағасы Олжас Қаржауов таныстырды. Оның сөзінше, енді кәсіпкерлер бұрынғыдай әр мекеменің арасында жүгіріп жүрмейтін болды. Олар орталыққа келу арқылы мамандардың кеңесін алып, құжаттарын дайындап әкете алады. Сол үшінде арнайы қабылдау терезелері орналастырылып, онда әрбір мекемеден консультация беретін, қызмет көрсететін жауапты мамандар отырғызылған.
Алысқа бармай-ақ кәсіпкерлер облыстық прокуратура мен екінші деңгейлі банк өкілдерінен де осы арада отырып кеңес алуларына толық мүмкіндігі бар. Шетелдік инвесторларға интернет желісі арқылы Жамбыл облысының қазба байлықтарын таныстырып қана қоймай, оларды тартуға, кеңес беруге арналған кеңес залы да жұмыс істейді. Мұндағы мамандар қазақ, орыс тілдерінен бөлек, шетелдіктерге ағылшын, қытай және неміс тілдерінде кеңес бере алады, - дейді басқарма төрағасы.
Ал кәсіпкерлер палатасының директоры Самат Қосалиевтің пікірінше, қазір кәсіпкерге әртүрлі органдарға өтініш жіберу үшін бір күнді жұмсаудың қажеті жоқ.
Мұнда барлығы бір жерде жасалады. Бізде өзіне-өзі қызмет ету аймағы және Atameken Service бар. Уақыт өте келе қызметтердің тізімі кеңейіп, онлайн режимінде тасымалданады, - деді ол.
Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов 2016 жылдан бастап бизнес-омбудсмен институты 25 мыңнан астам өтінішті қарағанын мәлімдеді.
Биыл 8 айда 3 378 өтініш қаралып, оның 70 пайызы өңірлік деңгейде шешімін тапты. Ал өткен жылдан бастап облыс әкімдерімен Жол карталарына қол қою тәжірибесі енгізіліп, онда кәсіпкерліктің өңірлік проблемалары және оларды шешу жолдары көрініс тапты, - деп атап өтті Р.Жүрсінов.
Жалпы өткен 8 айда Жамбыл облысында бизнесті қорғау желісі бойынша 188 өтініш түскен. Оның 25 пайызы оң шешімін тапса, қорғалған мүліктік құқықтың жалпы сомасы 250 миллион теңгені құраған. Бұл - күші жойылған айыппұлдар мен өсімақылар, контрагенттердің орындалған шарттық міндеттемелері, қайтарылған мүліктер, тыйым салу мен хабарламалар. Қалған өтініштерге қатысты жұмыс жүргізіліп жатса керек.