Ақтөбе облысында бүгінде 87 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі бар. Қазіргі таңда оның 79 мыңға жуығы белсенді жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратовтың айтуынша, биыл жыл басынан бері өңірдегі шағын және орта бизнес нысандары 640,2 млрд. теңгенің өнімін шығарған. Ал облыс бойынша осы салада 166,5 мың адам жұмыспен қамтылған.
Биылдан бастап облыста шағын және орта бизнесті қолдау жұмыстары Ұлттық жоба шеңберінде жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде елімізде Ұлттық жоба аясында қаржылық қолдауда субсидиялау есебінен несиелер мөлшерлемесін азайту және несиелерге кепілдік беру «Даму» Қоры арқылы іске асырылады. Жалпы аталған жобаның бюджеті -11,8 миллиард теңге. Жыл басынан бері Ақтөбе облысында Ұлттық жоба шеңберінде 3179 жоба мақұлданды. Оның ішінде “Бизнестің жол картасы- 2025” бағдарламасы арқылы 3164 жоба жүзеге асырылды. Биыл жыл қорытындысы бойынша өзге облыстар арасындағы рейтингте Ақтөбе өңірі екі жыл қатарынан бірінші орында тұр. Бұл- өте жақсы көрсеткіш. Биыл осы жоба аясында облыста 12,2 мың жаңа жұмыс орны құрылды, — дейді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, биыл өңірде кәсіп ашқандарға 5 млн теңгеге дейін грант берілуде. Соның нәтижесінде конкурстар арқылы жеңімпаз атанған 37 жобаға қолдау көрсетіліп, жалпы құны 140 млн теңге қаржы қарастырылған.
Биыл гранттар бөлу бойынша облыста барлығы 2,5 миллиард теңгеге 535 өтінім келіп түсті. Бюджет көлемі небәрі 140 миллион теңге болған соң, өңір бойынша бір грантқа 18 қатысушы үміткер болды. Нәтижесінде үздік жобалар грантқа ие болды. Оның ішінде 31 пайызы - әлеуметтік осал санаттағы жобалар,— дейді Н.Тілеумұратов.
Кәсіп ашушыларға арналған конкурс жылына бір рет өткізіледі. Келер жылы байқау шарттарын өзгерту, грант мөлшерін 10 млн. теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл ретте жобалар тек өңдеу өнеркәсібі саласы бойынша қаралады. Ал жобаны іске асыру мерзімі - 3 жыл. Жоба іске асырылмаған жағдайда грант қаражаты өтеледі. Бүгінде кез келген тұрғын аталған бағдарламаның қолданыстағы шарттарын kasipker_aktobe әлеуметтік желісінен оқып танысуына болады.
Бизнесті дамытуда инфрақұрылыммен қамтамасыз ету маңызды рөл атқарады. Осыған орай биыл жыл басынан бері республикалық бюджеттен бұл бағыттағы жобаларға инфрақұрылым жүргізу мақсатында 439,5 миллион теңге қаржы қарастырылды. Ал жергілікті бюджет қаражаты есебінен бөлінген жалпы мөлшері 814,5 миллион теңгеге облыста жетіспейтін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізу бойынша 27 жобаны іске асыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр,— дейді басқарма басшысы.
Айта кету керек, биыл облыс аудандарында кәсіп ашу бағыты бойынша 14 мың адамға кеңес беріліп, 237 жеке кәсіпкерлік нысаны мен 23 жауапкершілігі шектеулі серіктестік ашылған. Сондай-ақ микроқаржы институттары арқылы жалпы көлемі 2,5 млрд.теңгеге 119 жоба қаржыландырылған.