Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Бизнес-орталық, пәтер, көлік алған: Қазақстандық кенді заңсыз өндіріп, Қытайға сатқан

Бөлісу:
 видеодан алынған кадр
VIDEO
Фото: видеодан алынған кадр

Шығыс Қазақстан облысында пайдалы қазбаларды заңсыз өндіріп, 70 мың тонна өнім өткізген кәсіпкерлік схема әшкереленді. Қылмыстық табыс 1 млрд теңгеден асып, мүлікке сот арқылы тыйым салынды. Қаржы мониторингі агенттігінің аталған заңсыз кәсіпкерлік қызмет фактісі бойынша тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тергеу деректеріне сәйкес, ШҚО Шемонаиха ауданында орналасқан «Глинковское» кен орнында жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің басшысы пайдалы қатты қазбаларды заңсыз өндіру және өткізу схемасын ұйымдастырған. Компанияға берілген лицензия тек геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге ғана рұқсат еткеніне қарамастан, күдіктілер темір құрамды тау жынысын өнеркәсіптік көлемде өндіріп, қайта өңдеп, жинақтаған.

Заңсыз өндірілген өнім ішкі нарықта, сондай-ақ Қытай Халық Республикасына өткізілген. Ауыр арнайы техниканы пайдалану салдарынан қоршаған ортаға айтарлықтай зиян келіп, жер бедерінің табиғи қалпы бұзылып, жердің тозуына әкеп соққан, - деп хабарлады ҚМА.

Тергеу барысында заңсыз өндірілген өнім көлемі 70 мың тоннадан асқаны, ал қылмыстық жолмен алынған табыс 1 млрд теңгеден асқаны анықталды. Аталған қаражатқа күдіктілер бизнес-орталық, Алматы қаласындағы пәтер, «Land Rover Range Rover» маркалы автокөлік, екі автотұрақ орны және екі жер телімін сатып алған. Сот санкциясымен бұл мүлікке тыйым салынды.

Сонымен қатар, бұған дейін ҚМА департаменті Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданындағы «Шыбынды» және Самар ауданындағы «Кенкарын» учаскелерінде алтынды заңсыз өндірумен айналысқан екі қылмыстық топтың қызметін тоқтатқан. Заңсыз әрекеттер орман алқаптарының кесілуіне, өзен арналарының өзгеруіне және топырақтың құнарлы қабатының жойылуына себеп болған.

ҚМА мәліметінше, заңсыз кен өндіруді тоқтату өңірдегі экологиялық қауіпсіздікке төнген қатердің алдын алуға және табиғи ортаның одан әрі бүлінуіне жол бермеуге мүмкіндік берді.

Өзгелердің жаңалығы