Бізге дүниежүзілік биологиялық қауіпсіздік агенттігі қажет – Күнсұлу Закарья

8 Маусым 2023, 16:03
997
Бөлісу:
Бізге дүниежүзілік биологиялық қауіпсіздік агенттігі қажет – Күнсұлу Закарья
Фото: Ақорда

Астана халықаралық форумының сессиясында Ұлттық ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закарья әлемге дүниежүзілік биологиялық қауіпсіздік агенттігі қажет екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұлттық ғылым академиясының президенті форумда еліміздің пандемиямен күресі, вакцина және ғылым туралы айтып берді.

Ол атап өткендей, соңғы 100 жылда әлемде мұндай пандемия болған жоқ.

Әлемде және біздің елімізде де антиваксерлер болды. Оны барлығыңыз білесіздер. Бұл мәселе Қазақстанның ішінде болғанымен аса үлкен масштаб алмады. Себебі сауатты, білімді азаматтар вакцинаның 200 жылдан бері пайдаланылып, қаншама адамның өмірін сақтап қалғанын айтып, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, БАҚ арқылы ақпарат берді, - деді профессор.

Закарья COVID-19 соңғы 100 жылда болған ірі пандемия екенін атап өтті. Ол атап өткендей, әлем халқы оған дайын болмады.

Енді осы пандемияның салдарын ұмытып, ауыртпашылықты артта қалды демей, керісінше өткен індеттен сабақ алуымыз керек, - деп айтты ол.

Күнсұлу Закарья жақында ғана QazBioPharm «Пандемия сабақтары және Қазақстан тәжірибесі» тақырыбында форум өткізгенін айтты. Форумда еліміздің тәжірибесі туралы айтылды.

Енді бізде сол пандемияның сабақтары, ережелері бар. Оны сақтап қалуымыз керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауқымды форумдарда дүниежүзілік биологиялық қауіпсіздік агенттігін құру және осы мәселені жоғары деңгейге шығару туралы бірнеше рет айтты. Бірақ, өкінішке қарай, үлкен жұмыстардың қолға алынғанын көріп тұрған жоқпын. Осы сұрақты ұмытпауымыз керек. Бізге дүниежүзілік биологиялық қауіпсіздік сұрақтарын қарайтын агенттік қажет, - деді Күнсұлу Закарья форумның сессиясында.

Өзгелердің жаңалығы