Біздің жейтініміз бидай ұнынан жасалған тағамдар, онда ағзаға қажетті элементтер өте аз – Шарман

24 Қыркүйек 2021, 11:49
7588
Бөлісу:
Біздің жейтініміз бидай ұнынан жасалған тағамдар, онда ағзаға қажетті элементтер өте аз – Шарман

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тамақтану жайын сөз еткенде ет пен майдың төңірегінде ғана әңгіме болмауы керек, деп жазды медицина ғылымдарының докторы Төрегелді Шарман.

Қазір құрамында түрлі дәруменге бай көкөніс түрлері жеткілікті. Олар ет пен нанның құрамында бар қуаттылықты алмастыра алады. Көкөністердің қоректік қасиетінің күштілігі сонша, оларды үзбей жеген адам қатерлі ісік, қант диабеті, жүрек-қантамыр ауруларына тосқауыл қойып, өзі сергек бола түседі, - деп жазды ол.

Көкөністердің құрамында дәрумендер мен микроэлементтерден бөлек заттар бар. Мысалы, қызанақтың құрамында ликопен деген зат бар, салат құрамында лютеин, қырыққабатта сульфорафан, пиязда кверцетин, көк шайда катехин бар. Аталған заттар адам ағзасына қатерлі ісіктің алдын алуға көмектеседі. Бұл ғылыми тұрғыда дәлелденген.

Қазақтар бұрыннан көкөніс пен жеміске менсінбей қарайды. Қазір бұлай немқұрайлы қарауға болмайды.

Бұрын қазақтардың өмір сүру ортасы бөлек болатын. Далада мал бағып, табиғат арасында жүретін. Сыртқы жағдайлар адам ағзасына бірден әсер етеді. Суыққа да, ыстыққа да төтеп беру керек. Сондықтан күнұзақ далада жүретін адамдарда энергия шығыны көп болатыны түсінікті. Осыдан барып құнарлы, майлы тағамдар тұтынған. Бұл тағам түрлері сол кездегі өмір сүру жағдайына сай. Отырықшылыққа көшкелі жағдай өзгерді. Қазіргі кезде дәл солай тамақтанатын болсақ, оның пайдасынан гөрі зияны көп болмақ. Бір қарағанда біздің өмір сүру салтымыз сол қалпында қалған сияқты болып көрінеді, бірақ олай емес. Өмір сүру ортамыз өзгерді. Энергия шығыны аз, сол себепті ішкен асымыз бойымызға жинала береді. Мұның соңы семіздікке апарып соғады. Оның зардабы орасан: қан тамырлары бітеліп қалады, қан қысымы жоғарылайды, қатерлі ісік, жүрек-қантамыр аурулары мен қант диабеті, т.б. сырқаттар пайда болады, инфекциялы аурулар созылмалы болып келеді, - деді Шарман.

Төрегелді Шарман етті баса жеу дәрумендердің жетіспеушілігіне әкеп соғатынын айтады. 

Ата-бабамыз жеген ас деп етті баса жеу дәрумендердің жетіспеушілігіне әкеп соғады. Соның салдарынан ағзаның қорғаныс қабілеті төмендейді де, түрлі ауруларға шалдығамыз. Бұл – бір. Екіншіден, салыстырмалы түрде, бұрын ет, қымыз, құрт, ірімшік, май т.б. тағам түрлері жеткілікті еді. Қазір бұл тағамдарды тұтыну қымбатқа түседі, көпшіліктің қолы жете бермейді. Сондықтан қолы жеткен асқа қанағат етеді. Қолға түскен асты жей береді. Мұның өзі әйтеуір қарын толтырсақ болды дегенге саяды. Мәселен, нан мен шай іше салады. Кейбіреулер мүмкіндігінше сүт өнімдерін пайдаланады. Бірақ ет пен көкөністерді сатып алуға көпшілік жұрттың ақшасы жете бермейді. Көбіне біздің жейтініміз бидай ұнынан жасалған тағамдар. Оларда адам ағзасына қажетті элементтер, қоректік заттар өте аз. Сол себепті адамдардың физикалық мүмкіндігі нашарлайды, еңбек ету, ойлау қабілеті төмендейді, әлсіздік пайда болады. Рухани жұтаңдықтың пайда болуы да содан. Біздің елімізде қан аздығы, қатерлі ісік, туберкулез, қант диабеті, қан қысымы аурулары көп кездеседі. Мұның бәрі дұрыс тамақтанбаудың кесірінен, - деді ол.
Өзгелердің жаңалығы