Біздің шағын құрамдағы келіссөзіміз өте нәтижелі болды – Президент

24 Тамыз 2022, 15:25
826
Бөлісу:
Біздің шағын құрамдағы келіссөзіміз өте нәтижелі болды – Президент

Президент Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Алиевті «Алтын Қыран» орденімен наградтады, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы екіжақты саяси, экономикалық және мәдени қатынастарды нығайтуға және дамытуға қосқан айрықша үлесі үшін Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Алиевті «Алтын Қыран» орденімен наградтады.

Құрметті Ильхам Гейдар оғлу, бүгін мен сіздің еліңізге ресми сапармен келіп отырмын. Біздің шағын құрамдағы келіссөзіміз өте нәтижелі болды. Менің сапарымның бағдарламасында сізді Қазақстан Республикасының ең жоғары «Алтын Қыран» орденімен марапаттау рәсімі де қарастырылған. Қазақстанда сізді көрнекті мемлекет қайраткері ретінде біледі, құрметтейді. Бүкіл әлемге танымал тұлға ретінде сыйлайды. Әзербайжанды тарихи жеңіске жеткізген, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларына сәйкес, территориялық тұтастығын қалпына келтірген әкелген адам ретінде мен бүгін біздің жеке кездесуімізде сізді құттықтадым. Сіз мемлекеттеріміздің көпжақты, көпқырлы ынтымақтастығын дамытуға зор үлес қосып келесіз. Барша қазақ халқының атынан құрмет белгісі ретінде бүгін сізге «Алтын Қыран» орденін табыс еткім келеді, - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ильхам Әлиев алдағы уақытта да достық және бауырластық қарым-қатынасымызды дамытуға үлес қосу үшін барлығын жасайтынын айтты.

Біз үшін бауырлас ел Қазақстанның ең жоғары орденімен мені марапаттауды қажет деп санағаныңызды мақтан тұтамын. Мен өз тарапымнан алдағы уақытта да достық және бауырластық қарым-қатынасымызды дамытуға үлес қосу үшін барлығын жасаймын. Біздің халықтарымызды тарихымыз, ортақ тамырымыз байланыстырады. Бүгінгі таңда егемендік жолымен сенімді қадам басып келе жатқан екі тәуелсіз мемлекет - Қазақстан мен Әзербайжан экономикалық дамудың және әлеуметтік мәселелерді шешудің жоғары қарқынын көрсетіп келеді. Әлемдік аренада біздің елдеріміздің беделі артып келеді. Мен бұл марапатты бүкіл әзербайжан халқына деген құрметтің белгісі деп білемін. Сіздің қолыңыздан осы марапатты алу мен үшін зор абырой. Сіз жүзеге асырып жатқан реформалар курсын толық қолдайтынымды тағы бір рет айтқым келеді. Сіз жүргізіп отырған саясат Қазақстан халқының ұлттық мүддесіне толық жауап береді. Алға қойған мақсаттарыңыздың бәрі орындалатынына сенімдімін, - деді Ильхам Әлиев.

Өзгелердің жаңалығы