Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары мүдделі мемлекеттік органдармен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Онда ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын жанар-жағармай материалдарымен және минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз етуге қатысты мәселелер талқыланды.
Комитет төрағасы Әли Бектаев өз сөзінде Мемлекет басшысының 2024-2028 жылдар кезеңінде ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін екі есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында, әсіресе, шаруа қожалықтарының ресурстарға қол жеткізуі ерекше маңызды екенін атап өтті. Жанар-жағармай материалдары мен тыңайтқыштардың қолжетімділігі еліміздің аграрлық секторының өндірістік нәтижелеріне, қаржы тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер етеді.
Қазақстан Ресей мен Өзбекстаннан келетін тыңайтқыш импортына тәуелді болып қала береді, олардың басым бөлігін осы көршілерден аламыз. Бұл ретте өңірлерде елеулі алшақтық байқалады. Кейбір аймақтарда тыңайтқыш тым көп қолданылады, бұл экологияға зиян тигізеді. Ал басқаларында жеткіліксіз болып қалады, ол фермерлердің өндірістік мүмкіндіктерін шектейді. Одан басқа, субсидияны уақтылы бермеу, олардың жетіспеуі және техника мен басқа да ресурстарға бағаның өсуіне байланысты субсидияланатын соманы қайта қарау қажеттігі туралы проблема бар, - деп атап өтті Әли Бектаев.
Сенатор Сұлтанбек Дүйсембинов өз кезегінде басқа да қиындықтармен қатар фермерлер көлік шығындарының көптігіне, қаржы ресурсының тапшылығына және «Госагро» порталы арқылы арзандатылған отын алуға өтінім беру мерзімінің қысқа болуына байланысты проблемаларға тап болатынын атап өтті. Сенаторлар осы мәселелерді шешу үшін Үкіметке тиісті ұсыныстар дайындап, жолдайтын болады.
Депутаттар айтылған проблемалар мен оларды шешудің ұсынылған тетіктерін негізге ала отырып, бұл мәселелерді заң шығару жұмысында ескеретінін және салалық мемлекеттік органдарға бірқатар ұсынымдар дайындайтынын атап өтті.