"Біздің ақау – миымызда". Заңгер заңның қазақша нұсқасы туралы

3 Мамыр 2024, 13:22
822
Бөлісу:
"Біздің ақау – миымызда". Заңгер заңның қазақша нұсқасы туралы
Фото: автордан

Заңгер, PhD докторы Алмас Жұмағалидан заңның қазақша нұсқасы неліктен қабылдауға қиын екенін сұрадық, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұған дейін филология ғылымдарының докторы, академик Шерубай Құрманбайұлы “еліміздегі заңның 99 пайызы алдымен орысша жазылып, қазақшаға аударылады” және “әр елдің заңы алдымен өз тілінде жазылуы керек” деп айтқанын жариялаған болатынбыз.

Ал Алмас Жұмағали бұл мәселеге заң ғылымының кандидаты ретінде тоқталды.

Заңның қазақшасын қиындатып жазып берген болса, ол содан қиын болады. Ал әуел баста ол қазақша жазылған болса, ешқандай қиындық туындамас еді. Мысалға баяғы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 162-бабын алайықшы. Қазақша ресми мәтініне сүйенсек, “азаматтық талапты тек қана есі-дұрыс еместерге қоюға болады” деген мағынамен кетіп қалған. Ол – қазақ тілінің синтаксисін сақтамаудан болған қателік. 1999 жылдан бастап қазір 25 жыл болды. Сол уақытта түзеуге тиісті нәрсе еді ғой. “Ойбай, сондай кетіп қалыпты ғой” деп. Жоқ, міз бақпастан сол заң күші жойылғанша, 2015 жылға дейін болды. Бұған не дейсіз? Бұл деген немқұрайлық қана ғой, - деді заңгер.

Оның ойынша, қазіргі қазақ қоғамының басты мәселесі санада ғана.

Қазіргі қазақ тілінің аясын кеңітуге байланысты ахуалды айтар болсам, негізі заңымызда ақау жоқ. Терминдерімізде ақау жоқ. Тілімізде мүлдем ақау жоқ. Біздің ақау миымызда ғана. Сол ниет қана жетпей тұр. Басқасының бәрі болып тұр, - деді заңгер.

Алмас Жұмағали Алашорда кезіндегі заңгерлер еңбектерін тауып, қазір талдау жүргізіп жатқанын, жақында соған қатысты кітап жарық көретінін жеткізді.

Тіпті 20-жылдардың бас кезіндегі Алашорда заңгерлерінің еңбектерін қарасаңыздар, қаншама сөздер сол кезде қалыптасқан. Мысалға қарапайым ғана “отбасы” деген сөзді 90-жылдары ғана естідік қой. Ал 20-жылдары сол "отбасы" деген сөз Сейдәзім Қадырбаев нұсқасында, Жаһанша Досмұхамедов нұсқасында, Ахметсапа Жүсіпов нұсқасында болған. 90-жылдарда "сарапшы" деген сөзді білмей келдік. Сөйтсек, ол 1922 жылғы кодекстің ішінде тұр, - деді маман.

Өзгелердің жаңалығы