Бізде көлік жүргізу мәдениеті өте төмен – Үкімет басшысы

4 Қазан 2022, 11:09
1898
Бөлісу:
Бізде көлік жүргізу мәдениеті өте төмен – Үкімет басшысы

Елімізде дамыған елдерге қарағанда жол апатынан қаза табу ықтималдығы 11 есе жоғары. Бұл туралы Үкімет отырысында Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Халықаралық сарапшылардың деректері бойынша    түрлі ауру-сырқаулар мен табиғи апаттарға қарағанда көлік апатынан қаза болатындардың саны әлдеқайда көп. Қазақстан жол қауіпсіздігі бойынша әлемдік рейтингте 107-ші орында тұр. Дамыған елдерге қарағанда  бізде  жол апаттарынан қаза табу ықтималдығы 11 есе жоғары. Жалпы біздің елімізде жол қауіпсіздігіне қатысты жағдай өте күрделі. 8 айда  жол апаттарының саны 14%-ке өскен. Қаза тапқандардың саны  18%-ке көбейді. Орта есеппен жолда  тәулігіне 5-6 адам қаза табады, – деді Үкімет басшысы.

Смайыловтың айтуынша, бұл – өте ауыр жағдай.

Әлемдік тәжірибеде қауіпсіздік 3 компонент арқылы, яғни «Жүргізуші – Автомобиль – Жол» бойынша бағаланады. Өкінішке орай, бізде жүргізушілер арасында  көлік жүргізу мәдениеті  өте төмен. Жол ережесін жиі бұзатын шамамен 71 мың жүргізуші анықталды. Олардың кейбірі  биыл жол ережесін 150 рет бұзған. Әрине, мұндай жүргізушілерді   қатаң жазаға тарту керек. Жүргізушілерді даярлау сапасы да  күмән тудырады. Бірінші кезекте автомектептер жұмысындағы тәсілдерді  өзгерту қажет. Бүгінде оларды бақылап жатқан ешкім жоқ, лицензия берілмейді. Көлік жүргізуге арналған автодромдар жеткіліксіз. Әкімдіктер бұл мәселені   бизнеспен бірге қарауы тиіс. Мектептерде балаларға жол жүру ережесі оқытылмайды, – Премьер-министр.

Өзгелердің жаңалығы