Біз өзгенің таным-түсінігімен өмір сүре алмаймыз – бас мүфти

20 Қаңтар 2021, 08:47
3179
Бөлісу:
Біз өзгенің таным-түсінігімен өмір сүре алмаймыз – бас мүфти

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қоғам наразылығын тудырған заң жобасына қатысты өз пікірін білдірді.

Қоғамда бала тәрбиесі мен оның құқығына қатысты мәселе талқыланып, белгілі азаматтар мен белсенді тұлғалар отбасы құндылығын сақтап қалу жайлы пікірін білдіруде. Ұл мен қыз өсіріп, оның тәрбиесі мен болашағы үшін жауапты әке ретінде бұл мәселеге үн қосып отырмын. Біздің дініміз бен дәстүрімізде, күнделікті өмір сүру дағдымыз бен ұлттық болмысымызда ата-ананың ұрпақ алдындағы аманаты, баланың перзенттік парызы, олардың бір-біріне қатысты тәрбие үлгілері бағзы заманнан қалыптасқан. Осынау құндылықтар ғасырдан ғасырға жалғасып келеді. «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт. Бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса. Он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас». Бұл – халқымыздың бала тәрбиесіне қатысты ұстанған қағидасы. Ұрпақ тәрбиесіндегі осы тәсіл өзінің өміршеңдігін дәлелдеумен келеді. Біз ешқашан өзгенің таным-түсінігімен өмір сүре алмаймыз. Ұстанатын дініміз бен арқа сүйер салтымыз бар. Күнделікті өмірде дағдымызға айналған ғұрпымыз бар, – дейді бас мүфти.

Сонымен қатар, отбасындағы зорлық-зомбылыққа түбегейлі қарсы екенін де жеткізді.

Өз ұрпағына, аманат етіп алған жарына қол көтеріп, зиян шектіргендер қылмыстық әрекеті үшін заң алдында жауапқа тартылуы тиіс. Алайда бала құқығын алға тартып, оның әдепсіз әрекет жасауына жол беру дұрыс емес. Бұл – бала болашағына балта шабатын қадам. Осындайда: «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген нақыл сөз еске түседі. Баладан ұят кетсе, иман кетеді. Біз жас буынды «ұят болады, обал болады, сауап болады» деген тәрбиелік мағынасы терең түсініктермен жөнге салған халықпыз. Осы үш ұғымды өмір сүру дағдысына айналдырған бозбала мен бойжеткен ата-анасын, одан қалса елі мен жерін ұятқа қалдырмайды. Расында, ата-ана өз ұрпағына тәрбиеден артық нығмет, тәрбиеден артық жақсылық қалдырған емес. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір өсиетінде: «Балаға әкенің берер ең жақсы сыйы – тәрбие» деген, – деді ҚМДБ төрағасы.

Өзгелердің жаңалығы