Біз азаматтық қоғаммен диалогқа дайынбыз - Экология министрі

27 Қараша 2020, 22:44
1361
Бөлісу:
Біз азаматтық қоғаммен диалогқа дайынбыз - Экология министрі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев 2020 жылдың ІХ Азаматтық Форумы аясында азаматтық сектор мен Үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен өткен кездесу қорытындысында осылай деді.

Біз өз жұмысымызда әрқашан «еститін мемлекет» принципін ұстанамыз және азаматтық қоғаммен диалогқа ашықпыз. Себебі - қоршаған ортаны қорғау бәрімізді біріктіретін ортақ іс. Үкіметтік емес ұйымдар да экологиялық саясат пен өңірлердегі өткір проблемаларға қатысты позицияларын білдіріп, сіз бен біздің арамыздағы өзара қатынасты күшейту бойынша ұсыныстарын бере алады,- деп жазды ол Twitter парақшасында.

Оның сөзінше, осы жылы министрлік қоғаммен бірге өңірлердегі экологиялық проблемаларды шешуге бағытталған Жол картасы аясындағы іс-шараларды, ұлттық парктерде экотуризмді дамыту жолдарын, тағы да басқа мәселелерді ортаға салған.

Онлайн-Форумға 100-ге жуық адам қатысты. Қонақтардың арасында Қазақстанның Азаматтық Альянсы төрағасы Бану Нұрғазина, «Қазақстанның экологиялық ұйымдары Қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрағасының орынбасары Елдос Абақанов, «GreenWormen» сараптамалық агенттігі жетекшісі Лидия Астанина, «Біздің Жайық –Наш Урал» экологиялық-туристік қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Елена Тарасенко, «Экокелісім» халықтың денсаулығын сақтауға әрекет ету және экология Шығыс Қазақстан облысының Қауымдастығы» ЗТБ төрағасы Татьяна Чернышова және басқа да экология саласының сарапшылары мен экобелсенділер бар.

Форум аясында елдегі маңызды экологиялық проблемалар талқыланды. Мағзұм Мырзағалиев министрліктің қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметінің негізгі бағыттары мен нәтижелер туралы айтты. Талқылаулар қорытындысында желтоқсан айында осындай тағы бір кездесу өткізу туралы бірлескен шешім қабылданды.

Алда әлі қоғаммен бірлесе атқаратын жұмыс көп. Экологиялық мәселелер көп қырлы, бәрі де кешенді түрде қарастыруды талап етеді. Сондықтан біз үшін қоғам тарапынан кері байланыстың болуы аса маңызды. Сіздердің белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз бен экология проблемаларын шешу жолындағы көмектеріңізге арқа сүйейміз,- деп түйіндеді Мағзұм Мырзағалиев.
Өзгелердің жаңалығы