Біз 1942 жылғы технологияны қолданып келеміз - Мусин

2 Қараша 2021, 18:15
1025
Бөлісу:
Біз 1942 жылғы технологияны қолданып келеміз - Мусин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Facebook парақшасында жазды.

Министрдің айтуынша, біз әлі күнге дейін кеңестік замандағы 1942 жылғы (СК-42) координаттар жүйесін қолданып келеміз. Сондықтан қазір заманға сай мемлекеттік координаттар жүйесін жасауға ден қою керек. Бұл үшін спутниктік геодезиялық желі базасын салып, желіні дәл есептеу және теңестіруді іске асыру қажет.

Күллі әлем спутниктік әдіске көшкен. GPS пен Жаһандық навигациялық спутниктік жүйе (GNSS) ғарышты шарлап жүр, ал геолокацияны смартфон арқылы жіберу қалыпты жағдайға айналған. Осындай қарқынды технологиялық дамудың арқасында ғаламат нәтижелерге қол жеткізуге болар еді. Алайда мұндай мүмкіндікті 2ГИС, Google карт, Яндекс такси және тағы басқа қарапайым сервистер арқылы күнделікті күйбең тірлікте ғана қолданып келеміз. Осындай қолда бар навигация бойынша салынған бағдарға сай 200 метр немесе 212 метрден кейін бұрылдыңыз ба, мейлі, ең бастысы діттеген жеріңізге жетсеңіз болды, -деді Бағдат Мусин.

Оның сөзінше, қазіргі мақсат - СК-42 сияқты көне жүйенің орнына дала мен қала, өзен-көл мен орман кадастрының, геология және жер қойнауын пайдалану, табиғат, қорғаныс, қауіпсіздік сияқты және тағы басқа да тиісті салаларды, жеріміздің әрбір сүйемі мен елісі, әр сантиметрін қамтитын мемлекеттік деңгейдегі өзіміздің спутниктік координаттар жүйемізді құру.

Мемлекеттік жүйедегі шектеулер мен кедергілердің кесірінен геология және жер қойнауын пайдалану саласына шетелдік инвесторларды тарту қиындап тұр. Мемлекеттік басқаруға да кері әсерін тигізуде. Мәселен, сәулет саласындағы «қызыл жолақтардың», табиғат пайдаланудағы санитарлық және су қорғау белдемдерінің бұзылуы, -деді Бағдат Мусин.

Ол СК-42 технологиясы құрылыс, сәулет, геология, кадастр, көлік, навигация және т.с. техникалық және инженерлік бағыттарда кеңінен қолданылып келеді. Оның шығындары да ұшан-теңіз.

Осы себепті бұл саланы жаңғыртып, заманға сай және тиімді қылып, халыққа көрсетіліп жатқан қызметтердің сапасын арттыру үшін геодезия және кеңістіктік деректерді цифрландыру қарқынын күшейткелі жатырмыз, -дейді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі.
Өзгелердің жаңалығы